Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғарда өзен тасып, ауылды су басты

5 наурыз күні Талғар ауданы Бесағаш ауылында толассыз жауын-шашынның салдарынан Қотырбұлақ өзені арнасынан шығып, жеті аула аумағы мен медициналық орталықты су басты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Алдын ала мәліметтер бойынша, ауылды су басуына өзен арнасының заңсыз тарылуы себеп болған. Тұрғындар өзеннің табиғи арнасына қоршаулар мен күркелер орнатқан. Бұл судың өткізу қабілетін төмендеткен.

“Төтенше жағдайдың салдарын жойып, су басудың алдын алу үшін Талғар ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су басқан үйлердің жоғарғы бөлігінде арық жүйесін тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмысқа Алматы облысы төтенше жағдай және жергілікті атқарушы органдарынан 15 адам, 5 техника және 2 мотопомпа жұмылдырылды”, – делінген хабарламада.

Қазір су ағымы тоқтатылды, заң бұзушыларды анықтау және өзен арнасының табиғи өткізу қабілетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы облысы төтенше жағдай департаменті тұрғындарды су нысандарын пайдалану ережелерін сақтауға және өзен арналарын рұқсатсыз өзгертпеуге шақырды.



Бұған дейін Ақтөбе облысында су ағыны өткелді шайып кеткен еді. 

Талқылау