Талғарда күдікті изолятордан қашып кеткені үшін 12 қызметкер жауапқа тартылды
Талғарда уақытша ұстау изояторынан күдікті қашып кеткені үшін мекеме басшысы мен қызметкерлер жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Алматы облыстық полиция департаменті/Видеодан скрин
Ішкі қауіпсіздік қызметі мекемеде тексеріс жүргізді. Кейін полиция қызметкерлер салғырттық танытқанын мойындады.
26 жастағы күдікті кәмелетке толмаған жиен қызын зорлады деген күдікпен қамауға алынған еді. Ол қазан айының соңында Талғар аудандық полициясына қарасты уақытша ұстау изоляторынан қашып кетті. Күдіктіні бүкіл Талғар бойынша іздеді. Қаладан шыққан көліктер де тексерілді. Оны іздеуге еріктілер де көмектесті.
Құтқарушыларға іздестіру жұмыстарына арнайы түнде көретін камерасы бар дрон берді. Нәтижесінде қашқын қамыс арасынан табылды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қайта қамалды. Полиция оның тергеу изоляторынан қалай қашып кеткенін сол күйі түсіндіре алмады.
“Ішкі аудит нәтижелері бойынша қатаң шаралар қолданылды: 12 қызметкер, оның ішінде бірқатар басшылар қатаң тәртіптік жазаға тартылып, лауазымынан босатылды. Уақытша ұстау изоляторының басшысы мен жауапты қызметкері келеңсіз себептермен ішкі істер органдарындағы жұмысынан босатылды. Сонымен қатар бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – дейді Алматы облысы ДП ресми өкілі Меруерт Морякова.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда зорлау оқиғасы бойынша күдікті изолятордан қашып кеткені айтылды. Кейін ол туралы толық ақпарат шығып, аты-жөні, жасы, мекенжайы көрсетілді. 25 қазанда қашқын ұсталды.