Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің ісін Бас прокурор жеке бақылауына алды

Талғарда бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан жасөспірімнің үйін өртеп жіберу ісін Бас прокурор жеке бақылауына алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

2024 жылы 12 қазанда жәбірленушілердің үйі өртегеннен кейін Бас прокурор қылмысты ашу үшін ведомствоаралық тергеу-жедел тобын құрды.



“Қылмыскерлерді әшкерелеу үшін барлық шара қабылданады. Қылмыстық істі Қазақстанның Бас Прокуроры бақылауға алды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Алматы облысының полициясы марқұмның отбасын күзетпен қамтамасыз ететін болды. Полиция мәліметінше, отбасын қорғау үшін олардың тұрғылықты жерінде тәулік бойы жұмыс істейтін полицейлер кезекшілігі ұйымдастырылды. 

Содан кейін өрт кезінде отбасы мүшелерінің үйде болмағаны хабарланды. Полиция мәліметінше, жерлеу рәсімінен кейін отбасы мүшелері Талғар ауданында тұрып жатыр. Ал өрт Еңбекшіқазақ ауданы, Азат ауылында болған.

Төтенше жағдайлар министрлігі үйдің өртке орануына қатысты пікір білдірді. 

“12 қазанда сағат 00:50-де Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Азат ауылында тұрғын үй өртенді. Оқиға орнына дереу Алматы облысының 10 қызметкері мен үш бірлік апатты жою техникасы жіберілді. Алғашқы өрт сөндіру бөлімі сағат 01:08-де мекенжайға жеткенде тұрғын үйдің шатыры жанып жатқаны анықталды. Үй толығымен өртке оранды. Қабылданған жедел іс-шаралармен өрт 01:38-де оқшауланды. Сағат 01:43-те 56 шаршы метр аумақтағы өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысы, Талғар қаласында бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірімнің үйі сенбіге қараған түні өртеніп кеткені хабарланған еді.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Прокуратура жеті күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.

Талқылау