Талғарда қаланың жаңа әкімін тағайындау үшін сайлау болып жатыр
15 желтоқсанда Талғарда қаланың жаңа әкімін сайлау жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: magekz.org
Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау 26 сайлау учаскесінде сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін өтеді. Талғарда барлығы 42 мың 774 сайлаушы тіркелген.
Талғар қаласының әкімі лауазымына үш үміткер таласып жатыр:
Арыстанбек Әбілқайырұлы, 41 жаста, "Аmanat" партиясының кандидаты. Талғар қаласы, "Талғар Тұрғын үй" ЖШС басшысы;
Кәденов Жәнібек Жанболатұлы, 33 жаста, Халық партиясының кандидаты. "Талғар ауданы әкімінің аппараты" ММ қаржы-шаруашылық бөлімінің бас маманы, Талғар қаласы.
Рамазанов Әлібек Ғайсаұлы, 42 жаста, өзін-өзі ұсынған кандидат. "Бесағаш ауылдық округі әкімінің аппараты" ММ, Талғар ауданы әкімінің орынбасары.
Талғардың бұрынғы әкімі Бақыт Күрішбеков 15 қазанда кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың өліміне қатысты қызметінен босатылған еді.
Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң Шерзаттың ашынған әкесі журналисттердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды. Кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.