Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда жанып жатқан көпқабатты үйден 7 бала құтқарылды

Фото: Видеодан скрин

Талдықорғандағы Қаратал шағын ауданында орналасқан бес қабатты тұрғын үйде өрт болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт бірінші қабаттағы пәтерде тұтанған. Соның салдарынан кіреберіс қысқа уақыт ішінде қою түтінге толып, түтін бірнеше минуттың ішінде жоғарғы қабаттарға тараған. Жоғарғы қабаттарда тұратын тұрғындар өз бетімен сыртқа шыға алмай қалған.

Оқиға орнына жедел түрде ТЖД бөлімшелері жетті. Құтқару жұмыстары барысында автосатының көмегімен жоғарғы қабаттардың терезелері арқылы сегіз адам эвакуацияланды. Олардың жетеуі балалар.

"Зардап шеккендер жоқ. Құтқарылғандардың бәрі профилактикалық мақсатта қосымша медициналық тексеруден өту үшін Талдықорған қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді", – деп хабарлады ведомство.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.



Еске салайық, бұған дейін 18 қарашада таңертең Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында екі қабатты үй өртеніп, 12 адам қаза тапқан еді. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев оқиға орнынан өртті қасақана шығару немесе басқа қылмыстық ниет белгілері анықталмағанын мәлімдеді. 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 07 Қаңтар, 2026 18:28