Талдықорғанда полиция қызметкері прокуратура ғимаратында өзіне қол жұмсамақ болды
Жетісу облыстық прокуратурасында ер адам өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Журналист Сандуғаш Дүйсенова Instagram желісіндегі парақшасында облыстық прокуратураның қабырғасында түсірілген видеоны жариялады. Кадрларда ер адамның өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын көруге болады.
"Полиция қызметкері қамауға алу мерзімі ұзартылғанын естігеннен кейін өзіне қол салмақ болды. Ғалым Дәурен Жетісу облысы прокуратурасының ғимаратында өзіне тағылған айыпқа осылайша наразылық білдірген", – деп жазды журналист.
Алматы облысында айыпталушы сот отырысы кезінде тамырын кеспек болған
Айтуларынша, ер адам оң қолының тамырларын кесіп тастаған. Ғалым Дәурен қазір дәрігерлердің бақылауында.
Тергеушілердің айтуынша, тұтқындалған полицейдің шетелден әкелінген көліктерді заңдастырудың заңсыз схемаларына қатысы бар.
"Қазір прокуратура оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Айта кетейік, іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар тараптарға жіберілді", – деп жазды Сандуғаш Дүйсенова.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда баспанасынан айырылған әйел прокуратура ғимаратында тамырын кесіп тастаған еді.