Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда оқушы қызды соққыға жыққан үш жасөспірімге қатысты сот шешімі шықты

Талдықорғанда оқушыны аяусыз ұрған үш қыздың ата-анасына қатысты сот отырысы өтіп, әрқайсысына 69 мың теңгеден айыппұл салынды. Ал қыздардың өздеріне қатысты әкімшілік іс сотта қаралуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

әжесіЖәбірленушінің әжесі

Оларға айыппұл салынады немесе 15-20 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Кәмелетке толмаған үш қыздың құрбыларын жабылып соққыға жыққаны халықтың жағасын ұстатқан еді.

Қазір жәбірленуші Талдықорғандағы балалар ауруханасының хирургия бөлімінде жатыр. Есімі Мадина. Жасы 15-те. Дәрігерлер оның миы шайқалған деп отыр. Оның үстіне қыз бала қатты қорқып қалған. Мадинаның мұндай хәлге түскенін бастапқыда әжесі білмеген. Оқиға болған күні немересі апасына қоңырау шалып, отырған жерінің мекенжайын айтып үлгеріпті.

Әжесі дереу полицияға хабар берген. Полиция 4 сағаттан соң түнгі 11 шамасында жасөспірімді алып келді.

“Полицияға қайта- қайта звондадым. “Не болды, қайдасыңдар, қыз қайда, шықтыңдар ма деп. “Иә, иә келдік, есікті ашпай тұр. Қазір ашамыз, апа. Кіреміз, әкеп береміз қызыңызды” деді. Әйтеуір төрт сағаттан соң қызды алып келді ғой. Ертеңінде ана видеоны сағат бестен кейін көрдім . Сонда ана видеоны көріп шок болдым. Қыздарды, мұндай жастарды жазалау керек. Жасөспірімдер бетімен кетпеуі керек. Бұларды полицияға айттым. Арыз жазып, жоғары деңгейде жазаласын дедім”, – деді қыздың әжесі Бағдагүл Тымақбаева.

Жасөспірімді ұра жөнелгендердің бірінің есімі – Айсұлу. Ол Үштөбе қаласындағы Бастөбе техникалық колледжінің 1-курс студенті. Жасы 17 -де. Ажырасып үлгерген.

Ал екінші қыздың есімі Мейрамгүл. Ол Талдықорғандағы кешкі мектептің 9-сынып оқушысы. Үшінші қыз Жансая. Ол да Талдықорған қаласындағы Жетісу колледжінің 1-курс студенті.

“Тексеру комиссиясы оқып жатқан, күш қолданған қыздардың білім беру ұйымдарында ары қарай оқу мәселесі қарастырылады”, – деді Жетісу облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Башаров. 

Ал полицияның ақпаратына сәйкес Құндыз есімді қыздың телефонына Мадинаны ұрған сәт түсірілген. Дәл осы қыздың желідегі парақшасында полиция қызметкерлерімен жүрген видеолар бар. Одан бөлек қыздардың ішімдік ішкен видеолары да халықты шошытты.

Депутат бұл оқиғаға баға беріп, жағдайды бұлай қалдырмайтынын айтты.

“Мына қыздардың қылығын көріп, қыз деп айтуға ауыз бармайды. Қоғамды кінәлап қажет емес. Бұған тікелей әке-шешесі кінәлі. Мен ішкі істер министрілігінің қоғамдық кеңесінің мүшесінде бармын. Видеоны олардың қарауына жіберемін. Өйткені мәз-мейрам болып жазадан құтылып кеттік деп отыр ғой. Мәселе жазада емес. Мәселені шығып келе жатқан жерінен балта шабу керек”, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов.

Ал қыздар арасындағы жанжал телефоннан басталыпты. Телефон жоғалып, жанындағылар оны Мадина ұрлады деп ойлаған. Ал жәбірленуші тарап оны жоққа шығарады.

Полиция департаменті жасөспірімдерге қатысты тек әкімшілік жаза қарастырылғанын жеткізді. Ал Мадинаның әжесі кінәлілерді жазаламай қоймаймын деді.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 12 Қаңтар, 2023 07:56