Талапкер медициналық колледжге түсу үшін өз аяғын кесіп тастаған

Үндістанда полицейлер медицина колледжіне түсу үшін өз аяғын кесіп тастаған жасөспірімді әшкереледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Hindu-ға сілтеме жасап хабарлайды.
18 қаңтарда Уттар-Прадеш штаты, Халилпур қаласының тұрғыны Акаш Бхаскар полицияға хабарласып, белгісіз біреулер оның інісі Суражға шабуыл жасап, аяғын кесіп тастады деп айтқан. Сол сәттен бастап тергеу басталып, қылмыскерлер іздестірілген. Алайда полиция қызметкерлері Суражтың аяғы шынымен кесілгенімен, шабуыл жайлы куәліктерінде шатасып жүргенін байқап қалған.
Жақында жас жігіттің жергілікті медицина колледжіне екі рет түсуге тырысқаны, бірақ емтиханды тапсыра алмағаны анықталды. Содан кейін абитуриенттің телефонынан күдікті жазбалар мен бір әйелдің нөмірі табылған. Сол әйелді сұраққа тартқаннан және гаджет жадысын тексергеннен кейін тергеушілер Суражға ешкім шабуыл жасамағанын, ол өз аяғын кесіп, мүгедектер үшін колледжге қабылдау квотасын пайдалану үшін осындай әрекет жасағанын анықтаған.
Қазіргі уақытта Сураж жеке клиникада ем қабылдап жатыр. Полиция мәліметінше, колледжге екі рет түсе алмаған соң жас жігіт ақыл-есі шатасып, дәрігер болу үшін өз аяғын кесуге шешім қабылдаған. Прокуратура әлі оған қандай баптар бойынша айып тағатынын түсінбей отыр.
Айта кетейік, бұған дейін мысығы өлген соң жұмыстан шығарылған ер адам 23 миллион теңге өндіріп алғаны хабарланған еді.