Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тапанша кезенді": Такси жүргізушісі Талдықорған мен Алматыда жанармай құю орындарын тонап кеткен (видео)

Талдықорғанда таксист жанармай құю станцияларына қарулы шабуыл жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы облысының полиция департаментінің хабарлауынша, ұсталған азаматтың әзірше 25 және 26 сәуірде Талдықорған мен Алматыдағы жанармай құю станцияларына шабуыл жасағаны анықталды.

Екі жағдайда да ер адам бетін бетпердемен жасырып, кассирге тапанша кезену арқылы ақшаны алып кеткен. Қылмыскердің бұл іс-әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Осы жазба күдіктіні анықтауға көмектесті.

Қаруланған тонаушы Талдықорғанның 27 жастағы тұрғыны екені және жалға алған Toyota Camry көлігімен жолаушы тасымалдаумен айналысқаны белгілі болды.



"Талдықорғанға жақын маңдағы тас жолда жедел қызметкерлер кеудеше, көз аумағы ойылған тоқыма бас киім мен ішінде 10 мың теңге қалып кеткен жанармай құю станциясынан ұрланған барсетканы тапты", – деп хабарлады облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Автокөлікті тінту барысында алты оқ-дәрісі бар РС-31 револьвері анықталды. Бұл қару екі тонау кезінде қолданылды деген болжам бар. Револьвер баллистикалық сараптамаға жолданды.

"Күдікті қамауға алынды. Тергеу Қылмыстық кодекстің 192-бабы (Тонау) бойынша жүргізіліп жатыр. Ұсталған азаматтың атыс қаруын қолдану арқылы жасалған басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда", – деді полицейлер.

Талқылау