Такси шақыртып жүргізушіден таяқ жеген Астана тұрғыны ауруханаға түскен
«Такси шақырамын» деп ауруханадан бір шықты. Астана қаласының тұрғыны «такси жүргізушісінен жәбір көрдім» деп айыптады. Алайда көлік тізгіндеген азамат тағылған айыппен келіспей отыр.
7 қазан 2017 жыл. Бұл күн балдақпен әрең жүріп жүрген Ольга үшін ұмытылмастай болды. Құрбысымен мейрамханада көңіл көтерген олар түнгі 1 шамасында арнайы қызмет арқылы такси шақырады, деп хабарлайды 24 арна.
Бірақ жүргізуші дөрекілік танытқандықтан діттеген жеріне жетпестен жарты жолда түсіп қалуды жөн көрген. Алайда «ол көлігін тоқтатқан бойда мені соққыға жықты» дейді Ольга.
“Ол тоқтай салысымен құрбым екеумізді балағаттай бастады. Мен барынша сыпайылық таныттым. Қолымдағы ақшамды ұсату үшін дүкенге бармақшы болып, есікті ашқан бойда артымнан келіп, мені сілкілеп, айқайға басты. Сосын асфальтқа итеріп жіберді. Мен бірнеше рет тұруға тырысып едім ол мені тағы да итерді. Өлтіремін деді. Сосын мен орнымнан тұра алмай қалдым. Құрбыма «маған жедел жәрдем шақыр» деп айқайлағаным есімде”, – дейді қала тұрғыны Ольга Морозова.
Бірақ такси жүргізушісінің бұған өз айтары бар. Бетін көрсетпеуді өтінген бұл азамат «сол түнде Ольганы үйіне жеткізіп салдым» дейді. Алайда ол ішімдікке лық тойып алғандықтан көлікке отырған бойда ұрыс шығарып, мазасын алыпты. Ал түсер кезде жолақысын төлемей айқайға басқан.
“Бетімді тырнап жатыр, ұрып жатыр. Мен қашып жүрмін олардан машинаны айналып, ол мені ұрып-соғып жүр. Сөйтіп, жағама жармасып алған кезде, жұлқынып қалған кезде ол құлады. Мен сол кезде полицияға звондап үлгердім. Жедел жәрдем келіп, оларды алып кетті. Мен полицияға барып, арыз жазам деп таңғы сағат 6-ға дейін отырдым. Менен таңғы сағат 6-ға дейін арызды ешкім қабылдамады. Ең соңында полицей мені алдағандай болып, олар өздері кінәлі, олар келмейді, сіз объяснительный жаза салыңыз деді. Сосын арада 1 ай өтті 7 қарашада қоңырау соғып, мені полицияға шақырды”, – дейді такси жүргізушісі.
Жүргізушінің айтуынша, бұған дейін де тараптардың арасында кикілжің туындаған. Осыдан 4 жыл бұрын такси шақыртқан Ольга Морозова оның басына бөтелкемен қойып қалған екен. Бірақ ол кезде жүргізуші кешірім беріпті. Болған оқиғаның анық-қанығын Астана қалалық ішкі істер департаментінен сұрастырып білмек болдық. Алайда қазір сотқа дейінгі жабық жағдайда тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондықтан қандай да бір ақпарат алу мүмкін емес. Енді мәселенің ақ-қарасын құзырлы органдар анықтайды.
Тағы да оқыңыз:
Атыраудағы мұнай зауытында қытай азаматтары күзетшілермен төбелесті
Петропавлда екі баласымен бірге мерт болған әйел қайтыс боларын алдын ала сезген
Алматыда балалар үйінде өскен жеткіншек туған әке-шешесін іздеп жүр