"Оқушылар аттестатпен қатар, кәсіп алып шығады": Қазақстандық жігіт Таиландтағы мемлекеттік мектепте ағылшын тілінен сабақ береді

Түркістан қаласы Бабай Қорған ауылының тумасы Рахат Анапия Таиландтағы мемлекеттік мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Отандасымыздың айтуынша, шетелдегі жұмысы тәжірибе беріп қана қойған жоқ, сүйіктісін кездестіріп, шаңырақ құруға да сеп болған. Рахат Stan.kz редакциясына берген сұхбатында Таиландағы білім беру жүйесі мен шетелдегі өмірі жайлы айтып берді.
Рахат Анапия Астанадағы Еуразия ұлттық университетін инженер-теплоэнергетик мамандығы бойынша тәмамдадаған, кейін Шымкенттегі ШУ университетінен ағылшын тілі мұғалімі мамандығын алып шыққан.
“Екі бакалавр дәрежем бар. Сонымен қатар Англияның University of Cumbria университетінен PGCE (педагогикалық сертификат) алдым. Таиландқа келуімнің басты себебі – шетелде тәжірибе жинау, басқа елде тұрып көру, тілдік ортада жұмыс істеу және кәсіби даму. Мемлекеттік мектепке тікелей резюме жіберіп, сұхбат және барлық қажет құжаттар арқылы орналастым”, – дейді кейіпкеріміз.

Фото: Іnstagram.com/rakhatma
Оның айтуынша, қазір Таиландта ағылшын тілі мұғалімдеріне сұраныс жоғары.
Осы тұста отандасымыз Қазақстан мен Таиландтағы білім жүйесіндегі айырмашылықтар туралы айтты. Ол қазақстандық оқушыларға шетеледегідей еркіндік берілмейтінін атап өтті.
“Таиланд мектептерінде оқушының психологиялық жағдайына, сабақтың қызық өтуіне ерекше мән береді. Қазақстанмен салыстырғанда тәртіп жұмсағырақ, бірақ шығармашылық еркіндік көп. Мұндағы мектептің артықшылығы – балалар қысымсыз оқиды, ал кем тұсы – кейде тәртіп пен академиялық талап әлсіздеу болуы мүмкін. Бұрын Таиландтың білім беру жүйесі көп сынға ұшырайтын. Сондықтан қазір олар нақты реформалар жасап, білім сапасын көтеруге кіріскен. Кей мектепте математика, әдебиет секілді жалпы пәндер ғана емес, балаларға болашақта керек болатын нақты мамандықтар да үйретіледі. Мысалы, арнайы жабдықталған программалау сыныптары, SMM мен видео түсіру, монтаж жасау сияқты курстар бар. Балалар контент жасауды, әлеуметтік желілермен жұмыс істеуді үйреніп жатыр. Сонымен қатар аспаздықты үйрететін сыныптар да бар. Яғни, бала мектеп бітірген кезде аттестат қана емес, нақты бір кәсіпті де меңгеріп шығады. Сабақтар интеграцияланған түрде өтеді. Яғни, бірнеше пәнді бір сабақта байланыстырады”, – дейді Рахат Анапия.
Фото: Stan.kz/ Рахат Анапияның жеке мұрағатынан
Оның сөзінше, балалар тек кітаппен отырмайды, көп қимылдайды. Оқушыларда мұғалімдерге деген құрмет бар, бірақ еркін араласып, сөйлеседі.
“Қазақстандық мектептерде көбіне бағаға қарайды. Ал Таиланда баланың көңіл-күйіне қатты мән береді: шаршамады ма, неге қызығады, сабақ қызық па – соны бірінші ойлайды. Сол үшін сабақты ойынмен, әрекетпен, жеңіл форматта өткізеді. Оқушылар Қазақстандағыдай жазда емес, көктемде демалады. Наурыздан мамырға дейін ұзақ демалыс, ал қазанда қысқа үзіліс бар. Өзім тай тілінде сөйлеймін. Сондықтан жергілікті өмірге тез үйренісіп кеттім”, – дейді Рахат.
Ол мемлекеттік мектептегі жұмысы үшін қанша жалақы алатынын ашып айтпады. Алайда қыздарының жекеменшік мектепте білім алуына жақсы жағдай жасаған.
“Айлығым орташа деңгейден жоғары. Балаларымның жекеменшік мектепте оқуына және отбасымның барлық шығындарына жеткілікті. Таиланд үшін бұл орташа көрсеткіштен жоғары табыс саналады. Себебі мектептегі мұғалімдіктен бөлек, өзімнің тіл үйрету репетиторлық орталығым бар”, – дейді отандасымыз.
Рахаттың таңдауы таиландтық аруға түскен. Америкада басталған таныстықтың соңы махаббатқа ұласқан.
“Жарыммен Америкада жүрген кезімде таныстым. Ұнатып, кейін қарым-қатынасымызды жалғастырып, отбасы құрдық. Бастапқыда отбасым таңғалды, бірақ кейін бәрі жылы қабылдады. Ең бастысы адамгершілігі мен отбасылық құндылықтары екеніне көз жеткізді. Тойымыз қарапайым форматта өтті. Қазақ және тай халықтарының салт-дәстүрлерін үйлестіріп, екі жақтың да дәстүрлерін сақтауға тырыстық. Жарым маркетинг саласында жұмыс істейді”, – дейді Рахат.
Фото: Stan.kz/ Рахат Анапияның жеке мұрағатынан
Ерлі-зайыпты қазір екі қыз тәрбиелеп отыр. Оның айтуынша, екі қызы Таиландта дүниеге келсе де, қазақ тілінде еркін сөйлейді.
“Екі қызым Қазақстанда әлі болған емес. Соған қарамастан, олардың қазақ тілін үйренуіне еш кедергі болған жоқ. Олар менімен тек қазақша сөйлеседі. Ал анасымен тай тілінде сөйлеседі. Мектепте ағылшын және қытай тілін оқиды. Үш жасында үш тілде еркін сөйлейді. Сондықтан “балам орыс мектебін барып жүр, сол себепті қазақ тілін білмейді” деген сөз жай ғана сылтау сияқты”, – деп отбасы жайлы айтып берді кейіпкеріміз.
Фото: Stan.kz/ Рахат Анапияның жеке мұрағатынан
Отандасымыз Таиландтағы өмірі жайлы баяндады.
“Таиландағы өмірдің басты ерекшелігі – адамдардың менталитеті. Мұнда “сабай-сабай” деген өмір салты бар, яғни асықпай, сабырмен өмір сүру. Адамдар бір-біріне өте сыпайы, үнемі күлімдеп, бас изеп амандасып жүреді. Көшеде жүзі суық адамды кездестіру қиын. Қандай жұмысты істесе де, соған қанағат етіп, өз ісін сүйіп атқарады. Үнемі айнала жасыл табиғат болғандықтан, өмір өте колоритті сезіледі. Стресс пен күйзеліс тай халқына жат ұғым секілді, адамдар көбіне позитивте, көтеріңкі көңіл-күйде жүреді”, – дейді қазақстандық.
Фото: Рахат Анапияның жеке мұрағатынан
Оның айтуынша, Таиландта өмір сүру өте қолжетімді.
“Азық-түлік арзан, әсіресе жергілікті өнімдер. Бағалардың туристік аймақтармен салыстырғанда айырмашылығы үлкен. Тағы бір маңызды жайт – тай батының (жергілікті валюта) курсы өте тұрақты. Бұл елде тұрып жатқанымызға 7-8 жыл болды, сол уақыт ішінде валюта бағамында айтарлықтай өзгеріс байқалған жоқ. Осындай тұрақтылық күнделікті өмірді жоспарлауға және қаржыны дұрыс басқаруға мүмкіндік береді”, – дейді кейіпкеріміз.
"Оқушылар аттестатпен қатар, кәсіп алып шығады": Қазақстандық жігіт Таиландтағы мемлекеттік мектепте ағылшын тілінен сабақ береді