Таиландта комаға түскен қазақстандық турист есін жиып, елге алғысын білдірді

Таиландта ауыр хәлге түсіп, жасанды комаға енгізілген қазақстандық азамат есін жиды. Ол өзіне қолдау көрсеткен отандастарына алғыс айтып, видеоүндеу жолдады. Алайда оның туғандары әлі күнге дейін Қазақстанға жеткізу мәселесін шеше алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
36 жастағы Алексей Вивтоненко демалыс кезінде аяқ астынан сырқаттанып, дәрігерлер оған жедел панкреатит диагнозын қойған. Ауру асқынып, ағзалары істен шыға бастаған соң науқас екі апта бойы жасанды комада жатқан. Реанимациядағы бір тәуліктің өзі шамамен бір миллион теңгеге түскен. Осы кезде қазақстандықтар бейжай қалмай, отбасыға қаржылай және моральдық көмек көрсеткен. Есін жиған Алексей арнайы видео арқылы алғысын жеткізді.
"Баршаның ортақ көмегінің арқасында мен қазір осы видеоны жазып, сіздерге сәлем жолдай аламын! Өзімді жақсы сезінемін, есім орнында, кім екенімді, қайда екенімді толық түсінемін. Қандай жағдайда екенімді де жақсы білемін", – деді Алексей Вивтоненко.
Дегенмен науқастың емі әлі аяқталған жоқ. Ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқандықтан, оның денесінде ойылулар пайда болып, ота жасауға тура келген. Сонымен қатар дәрігерлер өкпеден тромб анықтап, ішіне дренаж түтіктерін орнатқан. Қазіргі таңда Алексей өздігінен отыра да алмайды.
Науқастың ағасы Тихон Вивтоненко оның қазіргі физикалық жағдайы әлі де әлсіз екенін, қозғалу қабілеті толық қалпына келмегенін айтты.
"Шамамен бір жарым апта бұрын, оған әлі ойық жараларға операция жасалмаған кезде, біз оны отырғызып көрдік. Бірақ денесі өзін ұстай алмайды, жалпы ағзасы әлі де өте әлсіз. Қозғалыс қабілеті мүлде жоқ деуге болады. Қазіргі таңда оның күші қалыпты адамның шамамен 15-20%-ы ғана", – деді Тихон Вивтоненко.
Пхукеттегі ауруханада жалпы палата реанимацияға қарағанда арзанырақ болғанымен, шетелдік азаматқа көрсетілетін барлық медициналық көмек ақылы түрде жүргізіледі. Туыстарының айтуынша, Алекейді Қазақстанға жеткізу әлдеқайда тиімді болар еді. Олар бірнеше рет Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінгенімен, екі мәрте бас тарту алған.
Алғашқы рет науқастың жағдайы ауыр деп танылса, кейін ол өздігінен тыныс алып, есін жиғандықтан, санавиация арқылы тасымалдауға көрсеткіш жоқ деген жауап берілген.
Бұл мәселеге қатысты мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті талап ету қажеттігін атап өтті.
"Егер сарапшылар оның жағдайы ауыр екенін растаса, әрине, дәрігерлер мен санавиация оны алып келуге тиіс. Әр адамның құқығы. Негізі, қазір Конституцияға өзгерістер енгізілгеннен кейін адамдар біреуден өтініп, жалынбауы керек, талап етуі керек. Тіпті денсаулық сақтау министрлігін сотқа беріп, өз міндеттерін неге орындамай отырғанын сұрауы тиіс. "Бюджеттен бөлінген қаражатты қайда жұмсадыңдар?" деген сұрақ қою қажет. Менің ойымша, енді жай ғана сұрап, үгіттеумен шектелмей, нақты талап қоятын уақыт келді", –дейді Мұрат Әбенов.
Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі науқастың қазіргі жағдайы медициналық авиациямен тасымалдауға сәйкес келмейді деген ұстанымда. Ал туыстары шетелде емделіп жатқан азамат үшін қаражат жинауды жалғастырып жатыр.
Еске салайық, өткен айда Таиландта демалуға барған қостанайлық 36 жастағы азамат ауыр халге түсіп, комада жатқанын жазған едік. Оған панкреатит пен сепсис диагнозы қойылған, қазір аппараттарға қосылған. Ауруханадағы ем құны тәулігіне 1 миллион теңге, туыстары 10 млн теңгеден астам қарызға батқан. Қазақстанға жеткізу мүмкін болмағандықтан, жақындары көмек сұраған еді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған