Тағы да сұмдық оқиға: Ақтөбеде банк қызметкері әріптесін қонаққа шақырып атып өлтірді
Ақтөбеде тағы да сұмдық оқиға. Сбербанктің Ақтөбе қаласындағы бір бөлімшесінің заңгерін басқа емес өз әріптесі атып өлтірді.
Қазір күдікті ретінде ұсталған қырық жастағы азамат сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Оқиғаның қалай болғанын әзірге ешкім нақты айта алмай отыр. Ал қызметтесінің қолынан қаза тапқан 48 жастағы азаматтың артында екі бірдей ұлы қалды.
Қанды оқиға осыдан екі күн бұрын болған. Асқар есімді азамат өз әріптесін үйіне қонаққа шақырып, артынан ауласына шығарып 12-калибрлі аңшы мылтығымен атып өлтірген деген күдікке ілігіп отыр. Дегенмен, істің толық мән жайы әлі айтылмай отыр. Ал құзырлы орган өкілдерінің ақпараты бойынша күдікті ретінде ұсталған қырық жастағы азамат қылмысты мойнына алған көрінеді.
“Анықталғандай жәбірленуші күдіктінің үйіне қонақта болып, араларында жанжал тауындап, осындай оқиғаға әкеліп соқтырды. Қазіргі таңда ҚР ҚК 99 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды”, – дейді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов.
Ал банк қызметкерлері болса бұрынғы әріптестерінің арасында қандай да бір жанжалдың, өзара түсініспеушіліктің болғанын байқаған емеспіз деп отыр. Алайда банк басшылығы бұрынғы қызметкерлері туралы мәлімет бергісі келмеді.
Банк қызметкерлерінің қарудан қаза тапқан қанды оқиғасы бірінші рет емес. Естеріңізде болса, осыдан он үш жыл бұрын Ержан Тәтішев аңда жүрген кезде қайтыс болған еді. Алайда банкирдің сол кездегі жұмбақ өлімінің құпиясы арада бірнеше жыл өткеннен кейін ғана барып ашылды. Жақында ғана Мұратхан Тоқмәди олигарх Мұхтар Әбіләзовтің тапсырымен банкирді атқан едім деп мойындады.
Тағы да оқыңыз:
Ақша жинағаны үшін мектеп директорына қарсы шыққан мұғалім министрден көмек сұрайды
Мәскеуде қылмыс әлемінде Сақал деген лақап атпен танылған топ мүшелерін өлтіріп кетті
Ішімдік ішіп жарысқан қазақ қыздары жұрттың ашуын келтірді (видео)