Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тағы бір қазақстандық теннисші Australian Open-2026 турнирінде тарихи межені бағындырды

теннисФото:WTA

Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Australian Open-2026 турнирінде мансабындағы тарихи жетістікке жетіп, 1/8 финалға жолдама алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үшінші айналымда Юлия Путинцева Түркия өкілі Зейнеп Сенмезбен (WTA –112) кортта кездесіп, өзара мықтыны анықтады.

Матчтың алғашқы сетінде Путинцева алаңда өте сенімді ойын көрсетті де, бірінші партияны 6:3 есебімен өз пайдасына шешті. Алайда екінші сетте ойын тең дәрежеде өрбіп, тай-брейкке ұласты. Бұл кезеңде қарсыласы сәл басым түсіп, сет 6:7 (3:7) есебімен аяқталды.

Шешуші үшінші сетте қазақстандық теннисші ойынды белсенді бастап, 3:0 есебімен алға шықты. Сенмез есепті теңестіруге тырысқанымен, шешуші сәттерде тәжірибесін тиімді пайдаланған Путинцева басымдықты уысынан шығармай, ойынды 6:3 есебімен аяқтады.

Осылайша, 2 сағат 36 минутқа созылған кездесудің қорытындысы бойынша Юлия Путинцева Australian Open турнирінің 1/8 финалына жолдама алды. Бұл оның аталған жарыстағы ең жоғары көрсеткіші. Бұған дейін ол үшінші айналымнан әрі аса алмаған.

Енді Путинцева ширек финалға жолдама алу үшін АҚШ өкілі Ива Йович пен Италияның сегізінші ракеткасы Жасмин Паолини арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Айта кетейік, Australian Open-2026 турнирінің жекелей сынында жеңіске жеткен спортшы 2 793 365 АҚШ доллары көлемінде жүлде қоры мен 2000 рейтингтік ұпайға ие болады. Айтулы дода 31 қаңтарға дейін жалғасады.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 12:32