“Табалдырыққа жатып, көндірген әжелерді де қамау керек”: Депутат Шымкенттегі 17 жастағы қызды алып қашу ісі бойынша полицияны сынға алды

Депутат Мұрат Әбенов Шымкент қалалық полициясының 17 жастағы қызды алып қашу және зорлау ісі бойынша әрекеттерін сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұрат Әбенов некеге тұруға мәжбүрлеу туралы жаңа баптың қыркүйек айында күшіне енгенін және ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратынын еске салды.
"Егер ұрлаушы күш қолданып, қандай да бір жарақат салса – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда Шымкентте полиция бұл бапты қолданбаған. Шымкентте сталкинг болған, бірақ ол үшін де жауапкершілікке тартпаған, уақытты өткізіп алған. Кейін қызды ұрлау оқиғасы болған, ата-анасы полицияға жүгінген, бірақ Шымкент полициясы ешқандай шара қолданбаған. Негізі жаңа заң қыркүйекте күшіне енді, содан бері үш ай өтті, алайда Шымкент пен Түркістан облысында полиция мүлде түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Тіпті полицияның әрекеттері бұл түсініксіз дәстүрлерді іштей қолдайтындай әсер қалдырады", – дейді депутат.
Депутаттың айтуынша, жаңа заңға сәйкес бұл іске қатысы бар барлық адамдар жауапкершілікке тартылуы тиіс.
"Бап бар, полиция барлығын жауапқа тартуы тиіс: қолынан ұстап тұрған, табалдырыққа жатып алған, көндіргендердің барлығын. Егер бұл іс зорлаумен аяқталса, онда бұл қылмысқа сыбайлас болу деген сөз. Мұндай жағдайда сол “әжелерді” де қамауға алу керек. Неліктен әлі күнге дейін ешқайсысы қамауға алынбағанын білмеймін. Негізінде, бұл топ болып жасалған қылмысқа жатады, ол үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Барлығы да жауапкершілікке тартылуы тиіс", – деді Мұрат Әбенов.
Сондай-ақ депутат зорлау дерегі үшін жазаны 15 жылға дейін қатаңдатуды ұсынды. Мұрат Әбенов қылмыстық кодекстегі олқылыққа назар аударды, қызды алып қашқаны үшін 10 жылға дейін жаза қарастырылса, зорлау қылмысы үшін небәрі 3–8 жыл ғана беріледі. Бұл жазаны айналып өтуге мүмкіндік жасайды. Осыған байланысты депутат бұл мәселені қолға алуға дайын екенін айтты. Ол зорлау қылмысын аса ауыр қылмыстар санатына енгізіп, жаза мерзімін 15 жылға дейін арттыруды ұсынды.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте 17 жастағы қыз белгісіз жігіттің өзін алып қашып, зорлағанын айтып көмек сұраған еді. Қыздың видеосынан кейін күдікті қамауға алынды.
"Сан алуанын көрген соң жігіттерге қызығушылығым мүлде жоғалып кетті": Бодимассажбен айналысқан қазақстандық қыз бастан кешкенін айтты