Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында перзентінен айырылған әке ұлының кісі қолынан қаза тапқанын дәлелдей алмай жүр

Түркістан облысында ата-ана әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. 21 жастағы ұлының қасақана кісі қолынан қаза тапқанын дәлелдей алмаған әкесі осы күні соттың шешіміне наразы. Өйткені, істі төрт ай сағызша созған сот жазықсыз жанды 11 жылға соттап жіберіпті.

Ал, негізгі күдіктілер бостандықта жүрген көрінеді. Барар жер басар тауы қалмаған әкесі шындық іздеп еліміздің бас прокуратурасына арнайы келді. Жергілікті соттың үкіміне көңілі толмаған Нұржановтар әулеті енді Жоғарғы жаққа арызданамыз деп отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қолғанат ұлынан айырылған Түркістан облысының тұрғыны Еркінбек аға шындық іздеп Астанаға төртінші рет келіп отыр. Мақсаты тек біреу, әділдік туы желбіресе дейді. Себебі, осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын баласы бұзақылардың емес, өз ауылдастарының қолынан қапияда көз жұмған.

“Менің Астана қаласына келген себебім, бір жылдан бері ақиқат іздеп бармаған табалдырығым, тоздырмаған табан қалмады менде. Бұл енді ақиқаттың соншалықты қиын болғаны ма ақиқаттың шығуы?» – дейді марқұмның әкесі Еркінбек Нұржанов.

Сот үкімі де шыққан, фемида өкілдерінің үкімімен 21 жастағы жігітті өлтірді деп, Шұбарсу елді мекенінің тұрғыны 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Бірақ, жігіт ағасының ойы сот әділ шешім шығармады дегенге саяды. Себебі, ұлыныың өмірін сол төбелестің ортасында болған басқа біреу қиған көрінеді. Оны марқұмның сыныптасы, жанжалды өз көзімен көрген куәгерде растап отыр.

“Бұл жерде тек Асылжанға ауып кетуі кішкене қисынсыз. Бұл тек бір адамның іс-әрекетімен ғана болған іс-әрекет емес. Нағыз кінәлілер жазасын алса” – дейді оқиға куәгері.

Бейнетінің зейнетін көрер шағында, бауыр еті перзентінен айырылған Еркінбек ағаның Елордағы ат терлетіп келгенінің басты себебі, еліміздің Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың қабылдауына кіріп, мән-жайды түсіндіру. Ол басқа органдардан қайран болмады деп ашынады.

“Менің бұл жерге іздеп келген себебім. Осыдан бір жыл алдын, ұлымды үйден шақырып алып, бір топ қылмыскерлер өлтіргені жайлы болып тұр. Мен осы Бас прокурордың алдына кірмейінше осында боламын» – дейді марқұмның әкесі Еркінбек Нұржанов.

Алайда, жәбірленуші Бас прокурордың қабылдауына кіре алмады. Тек, қабылдауына жазылып кетті. Ал, ұлымның қанын мойнына артқандар бостандықта тайраңдап жүр дейді.

Бұл оқиға өткен жылдың 26 қарашасы күні Түркістан облысы Шұбарсу елді мекенінде болған. Бір нәрсені бөлісе алмаған ауыл жастарының арасында ерегіс жанжал шығып, сол жерде Еркінбек ағаның ұлы Мұрат жүрек тұсына кірген пышақтан көз жұмған еді. Біз бұл отбасыны жаңалықтарымыздың өткен сандарында көрсеткен болатынбыз.

“Тоздырмаған табалдырығымыз қалмады. Біз тек қана шындық іздейміз, тек қана шындық! Егер де балам сол нәрсені өзі бастағанда өзі соның ішінде жүргенде біздер осыншалықты аяғымызды тоздырмас едік» – дейді марқұмның анасы Ақшагүл Ахметова.

Содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, ұлын жоқтап жылаған анасының көзі құрғаған емес. Ал, Еркінбек ағаның анасы немересінің қазасын көтере алмай жаздың күні дүние салыпты. Енді, бар үмітін Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа артып отыр. Ал, ол азаматтарды тек айына бір ақ рет қабылдайды екен. Енді, лауазымды тұлғаның қабылдауына қашан кірері белгісіз.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау