Түсірілім кезінде Тәуекел Мүсілім жарты сағат жылап, жұмысты тоқтатты
Қалың көрерменге өзін лирикалық актер ретінде көрсетіп үйренген Тәуекел Мүсілім, енді комедиялық жанрға бет бұрды. Жақында ғана халыққа жол тартқан «В поисках мамы» киносында басты рөлді сомдаған жас актер түсірілім алаңындағы қызықты әрі қиын сәттерімен бөлісті. Қыздардың арманына айналған жігіт Stan.kz тілшісіне түсірілім кезінде жас балаша жарты сағат тоқтамай жылағанын да айтып берді.
«Кез-келген актерға ең қиыны ол – көрерменді күлдіру»,- дейді Тәуекел Мүсілім. Бұрынғы образдарына қарама-қайшы ойнаудың өзіне не бары он күн уақыт кетіпті. Мұңлы әрі махаббатқа толы картинада көрінетін актер, бұл жолы алаяқтың рөлін сомдады. Кинодағы образы сан ауысқанына емес сағыныш сезіміне беріліп түсірілім кезінде қатты қиналған. Ол анасын қатты сағынып жылағанын айтады. Өйткені, бірінен соң бірі ілескен екі бірдей жобаның басты рөліне бекітілген Тәуекел анасын екі ай бойы көрмепті.
«Киноның басты кейіпкері Азаматтың анасымен кездесетін картинасы бар. Оны Бішкекте түсіріп тастағанбыз. Соны көріп, көзіме жас алып, 30 минуттай өзіме келе алмадым. Қатты өксіп тұрып, кеудені кернеп тұрады ғой, сондай өксік болды менде. Жарты сағаттай өзімді тоқтата алмай, түсірілім алаңында жұмыс тоқтап, бәрі мені күтіп тұрды. Мен өз-өзіме келгенше. Ондай сезім менде бекер болған жоқ»,- дейді Тәуекел.
Иә, режиссердың ұтқыр ойы іске асқанын актер жақсы түсініп тұр. Тек мұсылман жігітінің торайды көтеріп, тіпті иіскегенін ел-жұрт түсінбей дал болуда. Ал, оған Мүсілімнің Тәуекелі еш қымсынбады. Тіпті, торайдың сүйкімділігіне тамсанып, мейірімі оянған.
«Шошқаның баласы торай өте бір сүйкімді көрінеді екен. Әрине, үлкені сүйкімсіз көрінеді. Кішкентай торайды қолға алған кезде, мейірім пайда болады екен адамда. Менде бір жеккөрінішті сезім болған жоқ. Кино ол – жұмыс. Сен ол жерде жеке көзқарастарыңды айта алмайсың. «Ойбай мен мұсылманмын ғой, мен торайды ұстай алмаймын» деп айта алмаймын. Өйткені, бұл сценарийде бар. Бұл жұмыс. Бұны біз істеу керекпіз»,- дейді.
Осылайша, жұмыс деп жүріп, естеріңізде болса, Тәуекел Жанар Дұғалованың клипінде әншімен сүйісіп қойғаны тағы бар. Ол қылығын актер « Сезімге беріліп кеттім» деп түсіндірген еді.Енді торайға бауыр басып, бағып-қағуында үйреніп алған сыңайлы.
«Қиындықтар аса болған жоқ. Басында мені кішкене жатырқады. Артынша үйреніп кетті, менің қолымда ұйықтап, сондай рахаттанған кездері болды. Торайдың иесі ақылын беріп тұрды, құлақтың артына массаж жаса, алақаныңды тос деген сияқты. Бір қызығы менің қолыма сиіп қойды. Алғашқыда шошығаннан ба сиіп қойды. Сонан кейін барып тынышталып, менің қолыма үйреніп, ұйықтап қалатындай дәрежеге жетті», – дейді Тәуекел.
Ал, жақында ғана барлық отандық кинотеатрларда көрсетіле бастаған «В поисках мамы» киносын ел-жұрт Жапонның 1962 жылы шыққан «В поисках матери» киносына ұқсатып жатыр. Тәуекелдің оған да жауабы дайын.
«Мен бұған дейін бұндай кино көрген жоқпын. Бұндай сценарий көрген емеспін және тап сондай көшірме деп айта алмаймын. 1962 жылы кино деп жатыр.. Егер тек қана анасын іздеген тұсы болса, қалған желілері ұқсамаса онда, өйтіп шулап, айғайлап айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын», – дейді Актер.