"Сұрақтарыңызды депутаттарға қойыңыздар": Ішкі істер министрі айыппұл нормасына қатысты сауалға жауап берді
Еліміздің Ішкі істер министрі Игорь Лепеха айыппұлға қатысты сұрақтарды осы нормаларды қабылдаған депутаттарға жолдауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Ішкі істер министрінің сөзінше, бір айда жылдамдықты асырудың 600-ге жуық фактісі анықталды.
"Біз жылдамдық сәйкес келетініне көз жеткізу үшін қашықтықты тексердік. Тексерулер жүргіздік. Осы айда орташа жылдамдықтан асып кетудің 585 фактісі анықталды. Әзірге айыппұлсыз сынақ режимінде", – деді Игорь Лепеха.
Бұған жауап ретінде журналистер министрге қазақстандықтардың айыппұл салынғанына наразылық білдіріп жатқанын айтты.
"Тағы да айтамын, мұндай қарсылық қай жерден келіп жатқанын білмеймін. Осы уақытқа дейін орташа жылдамдықты бұзған бірде-бір адам жауапқа тартылмаған. Бұл ретте ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан жолдарда сәттік жылдамдықты өлшейтін аркалар бар. Егер адам осы арканың астында жол ережесін бұзып, мәселен сағатына 140-160 шақырым жүрсе, ол жауапқа тартылады. Әрі қарай да өз әрекеті үшін жауап береді", –дейді министр.
Одан кейін журналистер Қазақстанның айыппұл отанына (штрафстан) айналу мәселесін көтерген депутаттар екенін еске алды.
"Ендеше, сұрақтарыңызды депутаттарға қойыңыздар. Жасалған әрбір құқық бұзушылық үшін адамдар заң аясында жауап беруі керек. Жауапкершілік қарастырылса, депутаттар заң шығарушы ретінде осы норманы енгізсе, біздің міндетіміз шара қолдану. Егер норма Қылмыстық немесе Әкімшілік кодексте болса, ережені бұзған адам жауапкершілікке тартылуы тиіс", – деді Лепеха.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілісте "Ақ жол" партиясының депутаты Азат Перуашев елдегі айыппұлдарға шүйлігіп, үкімет өкілдеріне “штрафстан” құрып жатқанын айтқан еді.