"Сұр кардиналдар" енді мемлекеттік институттарды алмастырмайды – Президент

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде қазақстандықтар жаңа Конституцияның жобасын қолдаған жағдайда еліміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысының сөзінше, Конституциялық Сот төрағасы мен судьяларының, Жоғары Сот төрағасының және Бас прокурордың өкілеттілік мерзімін шектейтін ережелер Конституция жобасындағы жаңашылдық болды.
“Негізгі заң жобасына сәйкес, бір адам аталған қызметтерге бір реттен артық тағайындалмайды. Мемлекеттегі жоғары лауазымды тұлғаларының өкілеттігін бір мерзіммен шектеу – бұрын-соңды болмаған саяси жаңашылдық. Сонымен қатар Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айыру, Премьер-министрді тағайындауға келісім беру құзыреті сақталады”, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев, осылайша, тежемелік және тепе-теңдік жүйесі нығайып, оның тиімділігі арта түсетініне сенім артты.
“Енді бір палаталы Парламентте Президент квотасы болмайды. Оны сақтауға да болар еді. Конституциялық реформа жөнінде келіп түскен ұсыныстардың қатарында осы квотаны күшінде қалдыру туралы да көп айтылды. Бірақ депутаттар ешқандай артықшылықсыз бірыңғай ереже бойынша сайлануға тиіс деп санаймын”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқаруына, тіпті, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшысы болуына тыйым салатын норма айрықша мәнге ие екенін айтты. Оның пікірінше, бұл ереже биліктегі отбасылық жүйеге және оның бір қолға шоғырлануына тосқауыл қояды.
“Кейбір ықпалды адамдар, басқаша айтқанда “сұр кардиналдар” немесе “саясат сахнасының сыртындағы ойыншылар” мемлекеттік институттарды алмастырмауы керек. Бұл тәжірибе түбегейлі жойылды”, – деді Президент.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған