Атырауда әйелді екі баласымен қоса өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Атырауда сүйіктісі қарым-қатынасты тоқтатуды сұрағаны үшін оның үйін өртеп жіберген ер адамға үкім шықты. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Соттың мәліметінше, ер адам жәбірленушімен кездесіп жүрген. Алайда кейін араларында келіспеушілік туындап, салдарынан жәбірленуші қарым-қатынасты тоқтатуды шешкен.
Дегенмен бұл шешімді ер адам құптамаса керек, ол жәбірленушінің мазасын алып, пәтеріне, жатын бөлмесіне екінші қабаттағы терезе арқылы кірген. Кейін кездесуді жалғастырмаса, бензин шашып өртейтінін айтып, пышақ тақап қорқытқан.
“Өз өмірі үшін қауіптенген жәбірленуші сотталушыға балаларының (бірінші некеден) ұйықтап жатқанын, өзінің донер жегісі келіп тұрғанын айтып, алдап, сотталушыны жұмсап, пәтерден шығарып жіберген. Кейін ол қорыққанынан танысын көмекке шақырған. Ал танысы болса ер адамға әйелді мазаламауын талап еткен. Сонда да жәбірленуші ашулы ер адамның қайтып келетінін біліп, танысына өзінің және балаларының қасында қалуын сұраған”, – делінген хабарламада.
Кейін сотталушы жәбірленушінің танысымен бірге пәтерге кіріп кеткендерін көріп, ашуланып, қызғаныштан 5 литрлік бензин бөтелкесін сатып алған. Оттық пен қағаз алып, қайтадан пәтерге терезе арқылы кірген.
“Сотталушы пәтерде жәбірленушінің балалары мен танысының ұйықтап жатқанын біле тұра, бензин шашып, екі жасөспірім бала ұйықтап жатқан үйді өртеп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жәбірленуші жалын өрттен және өзінің қатты күйік алуы салдарынан балаларына жете алмай, оларды құтқара алмаған. Ал оның танысы терезе әйнегін сындырып, жәбірленуші екеуі далаға секірген.
Салдарынан жәбірленушінің 10 жасар ұлы мен 7 жасар қызы пәтерде қаза тапты. Жәбірленушінің өзі күйік салдарынан (денесінің 90%-ы) ауруханада қайтыс болды. Танысы тірі қалды,” – делінген сотта.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, оқиға орнын қарау хаттамаларымен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен дәлелденді. Сараптамаға сәйкес, сотталушы аффект жағдайында болмаған, психикалық дені сау. Алайда ол кінәсін мойындамады.
“Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталмады.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 149-бабының 2-бөлігімен, 202-бабының 2-бөлігінің 1,5-тармақтарымен, 99-бабының 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 5,6-тармақтарымен, 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігінің 5,6-тармақтарымен (тұрғынжайға заңсыз басып кiріп, бөтеннің мүлкiн қасақана бүлдіріп (өрт қою тәсілімен), ірі көлемде залал келтіріп, басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен, аса қатігездікпен үш адамды қасақана өлтіріп (оның ішінде екі жас бала), адамды өлтіруге оқталғаны үшін) кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Жәбірленушілердің пайдасына материалдық және моральдық залал өндірілді”, – деді сот.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.