Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сүйегі сынып, миы шайқалған": Алматы облысы әкімінің орынбасары жол апатына ұшырады

Масабаев жол апатына ұшырадыФото: gov.kz

8 шілдеде Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаев жол апатына ұшырады. Қазір шенеуніктің жағдайы ауыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға облыстағы тас жолдардың бірінде болған. Салдарынан Масабаев көптеген дене жарақаттарын алып, шұғыл түрде Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Масабаевтың миы шайқалған. Сондай-ақ кеуде қуысы ағзаларының жабық жарақаты, қабырға сүйектерінің көгеруі мен сынуы анықталған. Әзірге тас жолдағы қайғылы оқиғаға қатысты мәліметтердің барлығы осы.

Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Масабаев есін жиды, жағдайы тұрақты.

"Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаевтың жағдайы тұрақты. Шенеунік ауруханада жатыр. Медициналық көмек белгіленген хаттама бойынша көрсетіледі", – делінген хабарламада.

Өміржолы

Әсет Масабаев 1985 жылы туған, білімі жоғары. 

2008 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын "Электрэнергетикалық жүйелер және тораптар" мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2014 жылы Экономика және құқық академиясын "Қаржы" мамандығы, Ресей халықтар достығы университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы "Алматы электр станциялары" АҚ-ның электромонтеры болып бастаған.

Әр жылдары "Наз" ЖШС-ның бас энергетигі, "Алмаз және КЮС" ЖШС техникалық директоры, Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жетекші маманы, бөлім басшысы қызметтерін атқарған. 

Сосын Алматы қаласы Жетісу және Медеу ауданы әкімдерінің орынбасары, Алматы қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы, Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болған. Кейін Алматы қаласы энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Жетісу облысы Талдықорған қаласының әкімі лауазымдарында  қызмет атқарған.

2024 жылы 16 тамыздан бастап бүгінге дейін "ULKEN GROUP LTD" жеке компаниясының басқарушы директоры лауазымында болды.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 09 Шілде, 2025 12:59
Талқылау