Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сурдоспорт саласында әділетсіздік бар" – Ата-аналар Президентке үндеу жолдады

үндеуФото:ҰОК

Қазақстандық сурдоспортшылардың ата-аналары мен заңды өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, сурдлимпиадашылардың жетістіктері мемлекет тарапынан тиісті деңгейде бағаланбай отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polites.news сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Үндеуде сурдспортқа қатысты жүйелі кемсітушілік бар екені айтылған.

Ата-аналардың айтуынша, 2025 жылы Токио қаласында өткен Жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке жеткен. Ұлттық құрама 80 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте 9-орын алып, 25 медаль (8 алтын, 7 күміс, 10 қола) жеңіп алған. Бұл қазақстандық сурдоспорт тарихындағы ең үздік нәтиже ретінде тіркелді.

Соған қарамастан, сурдлимпиадашыларға "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері" атағы берілмеген. Ата-аналар Спорт комитеті бұл мәселені түрлі формалды себептермен созып отырғанын атап өтті.

Үндеуде сурдоспортшылардың паралимпиадашылармен салыстырғанда тең жағдайда қолдау көрмейтіні де көрсетілген. Мысалы, 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері мемлекеттік ордендерге, қаржылай сыйақыларға, баспанаға және өңірлік марапаттарға ие болған. Ал Токио 2025 Сурдлимпиадасынан кейін көптеген сурдлимпиадашылар ресми марапатсыз қалған.

Сонымен қатар, спортшылардың дайындық деңгейіне қатысты бірқатар мәселе көтерілген. Кейбір сурдоспортшылар оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға өз қаражаты есебінен қатысқан. Кейбір спорт түрлері бойынша 2025 жылы тек бір оқу-жаттығу жиыны өткізілген. Сондай-ақ спорттық тағамдар мен дәрумендердің жеткіліксіз әрі сапасыз болғаны айтылған.

Ата-аналар елімізде сурдоспорттың қысқартылып жатқанын да мәлімдеді. Соңғы екі жылда гандбол, спорттық бағдарлау, дойбы, шаңғы жарысы және армрестлинг секілді спорт түрлері жабылған немесе қолдаусыз қалған. Бұған қоса бадминтон да жабылу алдында тұрғаны хабарланған.

Хатта ұлттық сурдофедерацияларды аккредитациялаудан бас тарту және оларды дені сау спортшылар федерацияларына қосу әрекеттері халықаралық талаптарға қайшы келетіні ескертілген. Мұндай жағдай Қазақстан спортшыларының халықаралық жарыстарға қатысу құқығынан айырылуына әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, ата-аналар 2022 жылы Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлеріне берілген уәделер әлі күнге дейін орындалмағанын атап өтті. Атап айтқанда, уәде етілген баспана берілмеген, ал бірқатар өңірде спортшылар ресми түрде марапатталмаған.

Сөз соңында ата-аналар Президенттен бұл мәселені жеке бақылауына алуды, Сурдлимпиада–2025 қорытындысы бойынша спорттық атақтардың берілуін қамтамасыз етуді және сурдоспортқа қатысты теңсіздікті тоқтатуды сұрады.

Осы жайтқа қатысты Туризм және спорт министрлігі ресми жауап берді.

Министрліктің мәліметінше, сурдлимпиадашыларға олимпиадашылармен тең дәрежеде қаржылық қолдау, марапаттар және мемлекеттік деңгейде мойындау көрсетілген.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан атынан 8 спорт түрі бойынша 78 спортшы қатысты. 2025 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 21 оқу-жаттығу жиыны толық көлемде қаржыландырылған. Спортшылар экипировкамен, медициналық ем-доммен, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, жарысқа бару шығындары толығымен өтелген. Бұл мақсатқа 513 млн теңге бөлінген.

Министрлік ойындардың қорытындысы бойынша төлемдердің жалпы көлемі 5,5 млрд теңгені құрағанын хабарлады.

"Аталған қаражат спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес толық көлемде төленеді. Бұдан бөлек, чемпиондар мен жүлдегерлер, жаттықтырушылар және спорт қоғамдастығының өкілдері Премьер-министрдің қабылдауында болып, мемлекеттік наградалар мен Президент атынан алғыс хаттарға ие болды", – делінген ресми жауапта.

Қазіргі таңда 24 спортшыға "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері" атағы берілген. Қалған 12 үміткер бойынша шешімдер қолданыстағы заң талаптарына сәйкес қабылданатын атап өтті.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 19 Қаңтар, 2026 23:53