Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы әйеліне 600 мың теңге айыппұл салынды

Мөлдірге айыппұл салындаФото: https://www.instagram.com/moldir.mt

Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы, әнші Мөлдір Мұқанова заңсыз ұтыс ойнатқаны үшін шамамен 598 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кейінгі уақытта қазақстандық блогерлердің лотерея арқылы ақша табуды кәсіпке айналдырды. Мұндай заңсыз ойындарды ұйымдастырғандардың кейбірі әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Биыл жыл басынан бері 80-нен астам адам заңсыз ұтыс ойнатқаны үшін қомақты сомада айыппұл арқалаған. Олардың қатарында әнші Мөлдір Мұқанова, Supermamacita, кәсіпкер Дархан Жолшыбеков және Мереке Қалбаева да бар.

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 89 адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша айыпталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тексеру барысында оларға онлайн және офлайн форматта түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде барлығы 40 миллион теңгеден астам айыппұл төленген.

Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм комитеті ұсынған тізімге сәйкес, 2,3 миллион жазылушысы бар “Moldir.mt” аккаунт иесі, Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы, әнші Мөлдір Мұқанова 150 АЕК, шамамен 598 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.

Ал 3,1 миллион жазылушысы бар танымал кәсіпкер әрі блогер Дархан Жолшыбеков әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімен 3 сәуірде 393 мың теңге әкімшілік айыппұл төлеген.

Тізімнің суретіФото: Мәдениет және спорт министрлігі

Хаттама толтырылып,  айыппұл арқалағандардың қатарында 1,3 миллион оқырманы бар “merekusha.k” аккаунтының иесі Мереке Қалбаевада бар. Ол шілдеде 589 мың теңге айыппұл төлеген. Қытайдан тауар әкеліп сатумен айналысып танылған кәсіпкер әрі блогер Эльмира Әбдірханова (elmir.a.s) да дәл осы соманы төлеген, оның шамамен 455 мың оқырманы бар.

6.8 миллион оқырманы бар “super.mamasita” аккаунтының иесі Алия Байтугаева 825 мың теңге айыппұл төлеген.

Айыппұл көлемі бойынша көш бастап тұрған блогер - "justking31" аккаунтының иесі Нұрбек Нұртаза. Ол 6 тамызда жеке кәсіпкер ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 179 600 теңге мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл төлеген. Ал Нұрбектің жұбайы, "aminaxo26" аккаунтының иесі Амина Нұртаза 825 мың теңге айыппұл төлеген.

Тізімнен скриншотФото: Мәдениет және спорт министрлігі

Айыппұл салынған азаматтардың толық тізімі.

Лоторея өткізудің ережесі қандай?

Қазақстан заңына сәйкес, лотереяны тек арнайы лицензиясы бар операторлар ғана өткізе алады. Мұндай ойынды жеке тұлғаға әлеуметтік желіде ұйымдастыру заңсыз саналады. Мұндай жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Ал егер ойын жеке кәсіпкер атынан өткізілсе, айыппұл көлемі 300 АЕК-ке дейін жетеді.

Айта кетейік, бұған дейін блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған 10 көлік ұтысы дау туғызғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі ұтыс заңдылығын тексеруге кірісіп, материалдар туризм министрлігінің "Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне" жолданды. Артынша, туризм және спорт министрлігі Instagram әлеуметтік желісіндегі "Zhanabylov_e" және "elt6i" аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Еске салайық, осындай іске қатысты өткен жылы 101 жеке тұлға жауапқа тартылып, 41 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.

"2024 жылы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 445-1-бабының 6 бөлігі (Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу) бойынша бұзған 101 жеке тұлға жауапқа тартылып, 41 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Ал 2025 жылдың басынан бастап Комитет қаржылық мониторинг органдарының көмегімен 83 жеке тұлғаны заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарты. Оларға 35 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл жазасы қолданылған. Әкімшілік жауапкершілікке тарту сатысында тағы 7 адам бар", – делінген хабарламада.  

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 04 Қараша, 2025 18:35
Талқылау