Сүлейменов: Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2026 жылдан бастап төмендете бастайды
Фото: Ұлттық банк
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ҚҚС-тың көтерілуі және 2026 жылдан бастап мораторий аяқталғаннан кейін коммуналдық тарифтердің өсуі инфляцияға теріс әрі қалыпты жағдайда әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Болжамға келсек, оптимистік көзқараспен де, пессимистік көзқараспен де қарауға болады. Бұл ҚҚС көтерудің әсері қаншалықты деңгейде бағаға сіңгеніне байланысты. Экономика министрлігінің бағалауымен келісеміз, әсер ету қазірдің өзінде байқалады. Сондықтан келесі жылы бағалар қатты өседі деп айту дұрыс болмайды, бірақ белгілі бір әсер болатыны анық", - деді ол Сенаттың пленарлық отырысында депутаттардың сұрақтарына жауап беріп.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап коммуналдық тарифтерге мароторийді тоқтату процесіне өте сауатты түрде қарау қажет.
"Кейін тарифтерді еркіне жіберуге болады. Ол қандай деңгейде болатынын Үкімет шешеді. Тарифтердің көтерілуі инфляцияға белгілі бір дәрежеде әсер етеді", - деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы Үкіметтің бір жылдың ішінде тарифтердің максималды өсу шегін белгілеуі инфляциялық күтулерді төмендетуге және инвесторларға сенімділік беруі тиіс екенін атап өтті.
"Осы шаралар іске асқан сайын және келесі жылы инфляция мен инфляциялық күтулер төмендеген жағдайда біз базалық мөлшерлемені төмендетудің біртіндеп, кезең-кезеңімен, жұмсақ циклін бастауға дайын боламыз", – деді ол.
Сүлейменовтың пікірінше, Ұлттық банк биыл экономикадан артық ақша массасын шығару арқылы инфляцияның тербелуіне жол бермеді.
"Биыл біз екі ірі құралды ең төменгі резервтік талаптар және алтын операцияларын айналық көрсетуді қолдана бастадық. Екеуі де эмиссиялық құралдар. Олар экономикадағы ақшалай массаны мультипликациялайды. Қазір ақша массасы шамамен 48 трлн теңге. Біз қабылдаған шаралардың нәтижесінде тоғыз айда шамамен 4,8 трлн теңгені аналымнан алып тастадық. Егер бұл шаралар болмағанда, осы көлемге тағы 10% қосылып, 53 трлн болар еді. Бұл инфляцияға бірнеше пайыздық пункт қосары анық", – деді ол.
Сенатта қаралып жатқан 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында инфляция болжамы келесідей белгіленген:
- 2026 жылы 9-11%;
- 2027 жылы 5,5-7,5%;
- 2028 жылы 5-7%.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, Қазақстандағы жылдық инфляция қыркүйекте 12,9%, қазан айында 12,6% болды.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық банк жоғары базалық мөлшерлемені сақтап қалуды көздемейтінін мәлімдеген еді.
Қазақстандықтар RAMS Qazaqstan-дағы пәтерлерінен айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр: Компания туралы не белгілі