Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Суға тұншықтырады, тырнағының астына ине тығады": Шымкентте сотталушылардың жақындары олардың түрмеде азапталып жатқанына шағымданды

Видеодан скриншот

Маңғыстаулық бір топ ата-ана ұлдарының Шымкенттегі түзеу мекемесінде азапталып жатқанын жеткізді. Айтуларынша, жазасын өтеушілерді колония қызметкерлері соққыға жығып, ойларына келгендерін істейді. Олар жақындарының таяқ жеп, денелерінің көгергенін өз көзімен көргенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Шымкенттің №53 түзеу мекемесінде дау шықты. Тұтқындардың жақындары олардың денесін кездесуге келгенде көріп, таңғалыпты. Түрме ішінде ауыр соққыдан қабырғасы сынған, бүйрегі зақымданған және тағы басқа жарақат алған жазасын өтеушілер көп дейді. 

“Мен осы айдың жетісі күні кірдім . Екі күн кездескенде, жағдайын көрдім. Басына орамал орап суға батырып, тұншықтыру, тырнақтарының ортасына ине тығу, табанына ине тығу, ұрып-соғу деген бар. Алақандарын арнайы затпен ұрғанда, көздері қарайып кетеді дейді”, – деді сотталушының туысы Гүлфайруз Ахметова. 



15 сотталушының туысы түзеу мекемесіне тексеріс жүргізу керек деп отыр. Басты талаптары – жазасын өтеп жатқан жақындарын өзге аймаққа ауыстыру. 

“Бәріне арызданып, шағымданып жатырмыз. Біздің жазғанымыз қанағаттандырусыз қалып жатыр. Ешқандай да қанағаттанатын жауап алған жоқпыз. Маңғыстаудың азаматтарын неге батыс өңірінде ұстамайды? Неге Шымкентке жібереді?”, – деді сотталушының жақыны Айнұр Нұржанова.

Колония бастығы барлығын жоққа шығарды. Абақты ішінде зорлық-зомбылыққа жол бермейміз деп қысқа қайырды.

“Іште жағдай жақсы. Мен аптасына бір-екі рет тексеремін. Сотталғандарда қандай проблема ба, кімде қандай сұрақ бар, бәрін сол жерде шешемін. Сотталғандардың бәрі дін-аман. Ұрып-соғу фактісі жоқ. Бәрі жап-жақсы”, – деді Шымкенттің №53 түзеу мекемесінің бастығы Бақытжан Нысанбаев. 

Енді сотталушының жақындары арыз-шағымдарын Астанаға барып, министрлікке жеткізбек.

Еске салсақ, БҚО-да түрмеде жазасын өтеп жатқан бір топ азамат қысым көретіндерін айтып шағымданған еді. 

Қырмызы Скендирова
Жұма, 25 Сәуір, 2025 08:51
Талқылау