"Сараптаманың нәтижесі 20 күннен кейін шығады": Ұшақта жарақаттанып қалған Ләйлә Сұлтанқызы жағдайын айтты
Белгілі БАҚ өкілі, журналист Ләйлә Сұлтанқызы ұшақта жарақаттанып қалғаннан кейінгі денсаулығының қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/sultankyzy/
Айта кетейік, журналист Шымкенттен Астанаға ұшып келе жатқанда FlyArystan әуекомпаниясының ішінде басына қол жүгі құлап, көзін жарақаттап алған еді.
“Қазір ғана қабылдаудан шықтым. Осы күнге дейін алған жарақаттардың бәріне қарайды екен. Судмедэкпертизаның нәтижесі 20 күн ішінде менен арыз алған тергеушіге беріледі. Бір ғана Instagram парақшасында мыңдаған хат келді. Жалғыз мен ғана емес екен, зардап шеккен. Көп адам маған осы компанияға қатысты түрлі дүниелерді жазып жатыр”, – деді журналист.
Сонымен қатар медиа өкілі әлі күнге дейін әуе компаниясынан ешкім хабарласпағанын айтты.
“Енді соттасасың ба, жоспарың қандай деген сұраққа осы мәселені бастан-аяқ өздеріңізбен бөлісіп отырамын. Сот шешімін күтемін. Компания ұжымы кері байланысқа шыққан жоқ. Мысалы, өз басым 52 077 теңгеге билет алдым. Оның ішіне тамақ, су кірмейді. Жамылғы да, дәрі қобдишасы да жоқ. Керек болса қосымша орынды сатып аласың. Тіркеуден алдын-ала өтпесең, әуежайда тағы 2000 теңге төлейсің. Рейстер жиі кешіктіріледі. Кеше де 25 минутқа кешікті”, – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.
Одан кейін FlyArystan әуе компаниясы журналистке қатысты пікір білдірді. Олар оқиға туралы ақпаратты растап, қабылданған іс-шаралар туралы айтты.
"Жолаушыларды ұшақтан шығаруға дайындық кезінде жолаушылардың бірі Ләйлә Сұлтанқызына көмек көрсету туралы өтініш түскен. Бортсерік жолаушыға майлық пен салқын қаңылтырды ұсынды. Содан кейін тәртіп бойынша олар борттағы медициналық білімі бар жолаушыларға іздеу жариялап, әуе кемесінің командиріне хабарлап, дәрігер шақыруды өтінді. Әуе компаниясы қызметкерлерінің айтуынша, медициналық білімі бар жолаушылардың бірі өтінішке жауап берген.
"Пандусты қабылдап, жердегі қажетті процедураларды орындағаннан кейін бортсерік әуежай қызметкерлеріне оқиға туралы дереу хабарлап, білікті медициналық қызметкерлерді сұрады. Алайда, түсіру кезінде жолаушы дәрігерлерді күтпестен, борттан шығып кеткен”, – деді ресми мәліметте.
Еске салайық, FlyArystan басшысы қызы Астана әуежайында жалғыз қалған анадан кешірім сұрау үшін Оралға барғанын жазған едік.