Stadler өндірген отандық вагондардың ішкі көрінісі қандай?
Астанадағы "Штадлер Қазақстан" ЖШС зауытында Stadler технологиясы бойынша отандық жолаушылар вагондарын шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Биылдың өзінде алғашқы вагондар дайын болады деп жоспарлануда. Өндірістен бөлек, компания бұл вагондарға 20 жыл бойы толық техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
Вагондар "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның жеке тапсырысы бойынша, қазақстандық жолаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған. Барлық вагондар заманауи желдету (кондиционер) және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Ал санитарлық аймақтарда сенсорлы диспенсерлер мен сәбиге арналған жөргек ауыстыру үстелшелері орнатылған.
Қазақстанның көркем табиғатынан шабыт алып жасалған дизайн
Вагондардың әрбір дизайны ұлттық болмысты бейнелейді. Сыртқы келбеті мемлекеттік тудың түстерін қолданса, ішкі интерьері елдің табиғи ландшафттарынан шабыт алып жасалған.
Купе вагондарының интерьері Қызылқұм қорығын еске салады. Жылы, құм түстес реңктер басым. Әр купеде жолаушыларға жайлы сапар сыйлау үшін қажетті жағдай жасалған:
– жарықты, дыбысты және температураны реттейтін басқару панелі;
– дәретхананың бос/бос еместігін көрсететін индикатор;
– жолсерікті шақыру батырмасы;
– жеке жарық шамдары мен әртүрлі заманауи құрылғыларға арналған розеткалар (Type C-тен 220V-қа дейін).
Плацкарт вагондары Қайыңды көлі бейнесіндегі жасыл-сұр түстермен безендірілген. Мұнда 58 орын бар, ал жолаушылар жайлылығы үшін:
– орындар арасында бөліп тұратын панельдер;
– USB ұяшықтары мен розеткалар;
– әр жолаушыға арналған жеке жарық шамдары қарастырылған.
Штабтық вагондар: Жайлылық пен қолжетімділік
Штабтық вагондар 18 адамға арналған және мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалып, еріп жүретін адаммен бірге жайлы сапар шегуіне толық жағдай жасау мақсатында жобаланған. Мұндай вагондарда келесі мүмкіндіктер бар:
– арнайы тұтқалар мен шұғыл көмек шақыру батырмалары;
– жатуға ыңғайлы, арқалық бұрышын реттеуге болатын арнайы төсек-орындар;
– купедегі дыбыс басқару панелі;
– көлемі 3,2 м² болатын кең санитарлық торап.
Барлық вагон түрлерінде сөрелер арасындағы қашықтық ұлғайтылған. Ал жүк қойылатын аймақтар кеңейтілген. Енді стандартты өлшемдегі (800×570×300 мм) сөмкені төменгі сөрелердің астына қоюға болады. Ал ірі (1500×500×500 мм дейін) көлемдегі жүк үстіңгі сөрелерге оңай сыйады. Қазақстанда бұрын мұндай кең вагондар болмаған.
Қазақстанда локализацияланған өндіріс
Бүгінде компанияда 500-дей қызметкер жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өндіріс желісіне шықпас бұрын Stadler стандарттары мен технологиялары бойынша міндетті оқытудан өтеді. Болат корпустарды дәнекерлеу мен сырлаудан бастап, пневматикалық және электрлік компоненттерді орнатуға дейінгі барлық технологиялық жұмыстар Астанадағы зауытта жүзеге асады. Айта кету керек, компания екі жыл ішінде "Жолаушылар тасымалы" АҚ-мен жасалған келісім аясында сатып алынған зауытты толықтай жаңғыртып, кәсіпорын аумағын қосымша 11 000 шаршы метрге ұлғайта алды.
Компания туралы
"Штадлер Қазақстан" ЖШС — теміржол машина жасау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын швейцариялық Stadler Rail AG концернінің еншілес кәсіпорны. Компания өз жұмысын ресми түрде 2023 жылы бастады және ол Азиядағы концерннің алғашқы зауыты. Stadler технологиясы бойынша жасалған алғашқы отандық жолаушылар вагондары 2025 жылы пайдалануға беріледі. Жылжымалы қозғалтқыш құрамын жеткізу 2030 жылға дейін жоспарланған. Компания болашақта Қазақстан теміржол паркінің жаңартылуын жалғастыру үшін жаңа тапсырыстарға ашық.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ үшін вагондардың техникалық сипаттамалары:
– Қиын климаттық жағдайларға бейімделген;
– Пайдалану температурасының диапазоны: –50°C-тан +45°C-қа дейін;
– Вагондар электр қуаты бар да, электрсіз тұрған да теміржол желілерінде қызмет етеді;
– Техникалық қызмет көрсету мерзімі – 20 жыл;
– Вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жыл.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
