"Спорттық мансабымды аяқтаймын": Алматыда ұсталған Қуат Хамитов босатылған соң пікір білдірді
ММА күресшісі Қуат Хамитов Алматыдағы бейбіт митингке шыққанын хабарлады. Instagram-да ол жалпы ұзақтығы 10 минут болатын екі бейнеролик жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, митингке тәртіпке шақыруға, зорлық-зомбылыққа бармауға үндеу жасау мақсатында шыққан.
“Митингке адамдар жиналып жатқанда шықтым, ол уақытта жан-жақтан жиналушылар көбейді”, – дейді ол.
“Әрине, қақтығыссыз, даулы сәттер болмады емес, болды. Бірде-бір полиция қызметкеріне, бейбіт тұрғынға қол ұшымды тигізбедім. Бәрі бейбіт өтті, содан соң ақсақал бата беріп, біз де тарадық”, – дейді спортшы.
Содан кейін оның сөзінше, қала сыртына барған. Дәл осы уақытта оған ҰҚК-дегі танысы қоңырау шалып, полиция департаментіне келуге шақырған.
Арада біраз уақыт өтіп Қуат өзінің үйіне қайтқан.
“Жуынып, киініп алғым келді. Бірақ дәл осы кезде ОМОН қызметкерлері басып кірді”, – дейді күрескер.
Қуаттың айтуынша, оны полиция бөлімінде негізсіз ұстаған. Сонымен қоса, үйіне баса көктеп кіргендер әкесін соққы астына алған.
Одан кейін Қуатты полиция бөліміне алып келіп, сол жерде ұрып, аш ұстаған. Содан соң оны босатқан.
Хамитов спорттық мансабын аяқтауды шешкенін хабарлады.
“Мен ресми түрде спорттық мансабымды аяқтаймын. Мен үшін өмірімнің жаңа белесі ашылды, жаңа мансап басталды”, – деді ол.