Қазақ клубтары қайтадан жасы келген футбол жұлдыздарын сатып алып жатыр: Бұл пиар ма әлде пайда ма?

Қазақстан Премьер-лигасының екі клубы “Қайсар” мен “Ақтөбе” жуырда әлем футболына аты мәлім тәжірибелі ойыншыларды қатарларына қосты. Қызылордалық клуб 35 жастағы Виктор Мозесті сапына қосса, ақтөбеліктер мансабын аяқтаған атақты Луиш Нанимен келісімге келді. Фуболшылар мемлекет қаржысынан тыс, жеке инвесторлардың қаражаты есебінен шақырылған. Алайда бұл трансферлер жанкүйерлер арасында қызу пікірталас тудырды.
Әлеуметтік желілерде көпшілік олардың келгеніне қарсылық танытқанын көруге болады. "Мозес, Нани сияқты зейнеткерлерді не үшін жинап жатыр?", “Қайдағы жоқ шетелден футболшыларды алдырғанша өзіміздің қазақ бауырларымызға көмектеспейсіңдер ме?", "Бұлар ақшаны алады да, елдеріне қайтады”, “Екі жыл бұрын мансабын аяқтаған ойыншының бабына қайта келуі екіталай" деген сынды сын-пікірлер жазылуда. Осы тұста Stan.kz тілшісі сарапшылардың пікірін сұрап көрді.
Елімізге танымал спорт журналисі Есей Жеңісұлының айтуынша, мұндай трансферлер Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін клубтардың әлемдік футбол картасында танылуына бағытталған пиарлық қадам.
“Бірден айтайын, бұл – пиарлық жүріс. Әлемдік футболда өз орнын қалыптастырғысы келетін командалар үшін мұндай тәжірибе қалыпты жағдай. Мысалы, кезінде "Қайрат" та осы жолды таңдады. Олар Андрей Аршавин мен Анатолий Тимощукті шақырды. 2016 жылғы Еуропа чемпионатында Тимощук Қазақстан Премьер-лигасының ойыншысы ретінде алаңға шықты. Бұл біздің лига үшін үлкен жарнама болды. Ол кезде Тимощук "Қайраттың" ойыншысы еді”, – дейді Есей Жеңісұлы.
Журналистің айтуынша, Аршавин де мансабын "Қайрат" сапында аяқтап, тіпті Еуропа чемпионаттарының біріне амбассадор ретінде "Қайраттың" жейдесімен сұхбат берген. Бұл алдын ала келісілген, жоспарлы қадам болған.
“Яғни мұндай тәжірибе бізде бұрыннан бар, бұл таптаурын жол”, – дейді ол.
Сонымен қатар Есей Жеңісұлы "Қайсардың" Виктор Мозесті алуы ойындық және имидждік тұрғыдан тиімді шешім екенін атап өтті.
"Қайсар" тың жаңалық ойлап тапты деу қиын. Алайда салыстырмалы түрде алғанда, клуб ұтты. Виктор Мозес 35 жаста. Қазіргі футболда жоғары деңгейдегі ойыншылар 37–39 жасқа дейін ойнай береді. Демек, Мозес Қазақстанда кемінде екі жыл жақсы деңгейде доп тебе алады. Бұл әрі ойындық, әрі имидждік плюс”, – дейді ол.
Алайда журналист Қазақстандағы жасанды және сапасы төмен алаңдардың Мозеске кері әсер етуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
“Қазақстан Премьер-лигасы әлемдік деңгейде аса беделді лига саналмайды. Соңғы рейтингтерге сүйенсек, ҚПЛ шамамен 76-орында тұр. Сондықтан Мозес үшін бұл мансабын аяқтар алдындағы әрі қаржылық тұрғыдан тиімді шешім. 35 жасында жоғары деңгейлі клубтардан ұсыныс болмайтынын ол да жақсы түсінеді. Бірақ жасанды әрі сапасы төмен алаңдар оған кедергі келтірмей ме деген сұрақ бар”, – дейді Есей Жеңісұлы.
Сондай-ақ ол Луиш Нанидің "Ақтөбе" үшін де тиімді трансфер екенін айтады.
"Ақтөбе" Наниді сатып алған жоқ, ол еркін агент ретінде келді. Клуб оны қаржылай қызықтыра алды. Бұл таза имидждік қадам. Қазақстан заңына сәйкес легионерлерді бюджет қаржысына қаржыландыруға тыйым салынған. Демек, Нани жеке инвестор есебінен шақырылды. Ол мансабын аяқтауға жақын болса да, Қазақстанда кемінде бір жыл жоғары деңгейде ойнай алады. Тіпті нағыз мастер-класс көрсетуі де әбден мүмкін”, – дейді журналист.
Есей Жеңісұлының айтуынша, Нани сынды атақты футболшылардың келуі қазақстандық жас ойыншыларға да үлкен мотивация береді.
“Мұның нақты мысалын "Қайратта" Жерар Гоу, Аршавин, Тимощук ойнаған кезеңнен көрдік. Танымал ойыншылармен бірге алаңға шығу жас футболшыларға зор әсер етеді. Мұндай қадамдар клубтың халықаралық беделіне де оң ықпал етеді”, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, Наниді алу арқылы "Ақтөбе" басшылығы болашағы бар әрі салмақты шешім қабылдаған.
“Оның айналасында нақты нәтиже көрсете алатын сапалы ойыншылар жиналып жатыр. Сондықтан "Ақтөбе" Нани арқылы бір оқпен екі қоян атуды көздеп отыр”, – дейді Есей Жеңісұлы.
“Қайсар” сенсациялық трансфер жасады: Англия чемпионы Виктор Мозес Қызылорда клубына ауысты
Кәсіби мансабын аяқтаған атақты Луиш Нани “Ақтөбе” сапына қосылды
Сөз соңында журналист нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін, бәрі алаңдағы нәтижеге байланысты болатынын айтты. Сонымен қатар жұлдызды футболшылардың келуі инфрақұрылымның жақсаруына да әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
“Барлығын уақыт көрсетеді. Егер футболшы алған ақшасын ақтамай, немқұрайды ойнаса, сын орынды. Ал қазірше нәтиже күтейік. Бұған дейін Қазақстанда ойнаған кейбір легионерлер инфрақұрылымға наразылық білдірген. Осындай деңгейдегі ойыншыларды шақыра отырып, инфрақұрылымды да жақсартуға мәжбүр боламыз. Бұл да үлкен плюс”, – деп түйіндеді ол.
Ал белгілі спорт журналисі Бек Төлеудің айтуынша, Виктор Мозестің жалақысы шамамен 8 миллион теңге. Бұл оның деңгейіндегі футболшы үшін көп емес, сондықтан трансферді сәтті деуге болады.
“Виктор Мозестің жалақысы 8 млн теңге деп естідім. Мұндай атағы бар футболшы үшін бұл аз сома. Сондықтан трансфер тиімді болды деп ойлаймын. Кеше жаттығу жиындарында да гол соғып жатыр. Тек басты мәселе алаңдардың сапасы. Егер ол мәселе шешілсе, Мозес "Қайсар" үшін өте керемет трансфер”, – деді Бек Төлеу.
Журналист Нанидің трансферіне әзірге нақты баға беруге ерте екенін де атап өтті.
“Мозес Нанимен салыстырғанда төрт жасқа кіші. Сондықтан кемінде 1–2 жыл жоғары деңгейде ойнай алады деп санаймын. Ал Наниге келсек, биыл 40 жасқа толады. Маркетинг тұрғысынан тиімді. Әрине, төленетін қаржы да аз емес Мозеспен салыстырғанда шамамен бес есе көп. Қазақстанда бұған дейін Чемпиондар лигасын өз күшімен жеңіп, Англияда жоғары деңгейде ойнаған футболшы болған емес”, – дейді ол.
Сонымен қатар Бек Төлеу Тимощук пен Аршавинді Нанимен салыстыру орынсыз екенін айтады.
“Тимощук пен Аршавин ТМД кеңістігіндегі жұлдыздар. Ал Нани әлемдік деңгейдегі футболшы. Ол Англияда көптің бірі болған жоқ, үздіктердің қатарында жүрді. Сондықтан бұл трансфердің орны бөлек. Ал нақты нәтиже жайлы айтуға әлі ерте”, – деп түйіндеді журналист.