"Өліміне қызғаныш себеп болған": Жаңаөзенде жұмыс орнында пышақтап кеткен дәрігер өлімінің мән-жайы айтылды

Жаңаөзенде аурухана ішінде болған қанды қылмыс елді есеңгіретті. 29 жастағы жас дәрігер Нұрдәулет Аманғалиевке белгісіз ер адам пышақпен шабуыл жасап, ақ халатты маман алған ауыр жарақатынан сол жерде көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында 29 жастағы дәрігер аурухана дәлізінде пышақ жарақатынан қаза тапты. Қайғылы оқиға қалалық көпбейінді аурухананың ішінде болған. Куәгерлердің айтуынша, емдеу мекемесіне кіріп келген ер адам терапевт Нұрдәулет Аманғалиевке аяқ астынан тап беріп, бірнеше рет пышақ сұққан.
Әріптестері араша түсуге тырысқанымен, күдікті дәрігерге ауыр жарақат салып үлгерген. Марқұмның анасы баласының денесіне 21 жерден пышақ жарақаты салынғанын айтып отыр.
"Оны 21 жерден пышақтаған, жау адам сөйтіп жасай ма? Адам дұшпанына да өйтіп жасамайтын шығар, құрсын-ау. Адам итке де өйтіп жасамайтын шығар. Өзі құттай бала ғой. Сонша адам бар, қалай отырған орнына барып? Жұмыс орнына барып пышақтап. Бір адам көрмеген ба сонда 21 жеріне дейін тыққанша? Бәрі қарап тұра берген бе екен?" – деді марқұмның анасы.
Олардың сөзінше, қылмысқа кәсіби қызметі емес, жеке себеп қызғаныш түрткі болған. Күдіктінің жұбайы осы ауруханада медбике болып жұмыс істеген.
Қара жамылған отбасы кешірім бермейтінін мәлімдеді. Дәрігердің анасы ұлына жасалған қастандықтың аса қатыгездікпен жүзеге асқанын айтып, оқиға кезінде неге ешкім тоқтатпағанына наразы.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаровтың мәліметінше, марқұм мойын, кеуде тұсы мен қолынан ауыр жарақат алып, көп қан жоғалтқан.
"Шұғыл түрде операцияға алынған. Емдеу шараларына қарамай, әріптесіміз қайтыс болды", – деді Бекболат Ізбасаров.
Марқұм Марат Оспанов атындағы университетте 9 жыл білім алып, бір жыл бұрын Жаңаөзен қаласына қызметке келген. Бір жыл бұрын Жаңаөзен қаласына қызметке келген. Артында екі баласы қалды. Әріптестері оны жауапты, болашағынан үміт күттірген жас маман ретінде сипаттайды.
Аталған факті бойынша полиция "Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті өз еркімен полицияға берілген, қазір уақытша ұстау изоляторында. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
- Шымкентте тағы бір әйелді танысы пышақтап кетті: Күдіктіні ұстау үшін полиция қару қолданды
-
"Ортақ 7 баласы бар": Маңғыстау облысында ер адам әйелін пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында дәрігерді жұмыс орнында пышақтап кеткенін жазған едік. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмысқа отбасылық-тұрмыстық жанжал себеп болған. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындаған.
Сарапшылар авиаотын бағасы түскенде әуе билеттері арзандайтынына күмән келтірді