Шавкат Рахмоновтың жұбайына қатысты қылмыстық істің алдын ала тыңдалым күні белгілі болды

Аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмоноваға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдалым күні белгіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот қаулысына сәйкес, Гүлайым Рахмоноваға қатысты қылмыстық іс өндірісіне қабылданып, алдын ала тыңдау 16 ақпан күні сағат 15:00-де Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.
Соттың хабарлауынша, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қаралады.
"Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Рахмонова Гүлайым Сәрсенбекқызына қатысты қылмыстық істі өндіріске қабылдады. Іс бойынша алдын ала тыңдау 2026 жылғы 16 ақпанда сағат 15:00-де өтеді", – делінген сот хабарламасында.
Рахмоноваға қатысты бұлтартпау шарасы – елден кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат – өзгеріссіз қалдырылды. Сот отырысына айыпталушы мен жәбірленушілер шақырылған. Аталмыш сот қазақ тілінде өтеді.
Айта кетейік, бұл жол-көлік оқиғасы 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы–Екатеринбург автожолының 299-шақырымында болған. Полицияның мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 көлігін басқарған Гүлайым Рахмонова рульге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
Оқиға салдарынан екі әйел қаза тауып, спортшының жұбайы мен баласы ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалаған.
Кейін Жамбыл облысының полициясы оқиға орнынан түсірілген бейнематериалдарды жариялады. Кадрлардан аударылған жол талғамайтын көліктің айтарлықтай зақымданғаны, бір дөңгелегінің бекіткішінен ажырап кеткені және көлік бөлшектерінің жан-жаққа шашылғаны байқалады.
Қазақстандағы ең ірі мәмілелер: "Қазақмыс" пен "Қазцинктің" жаңа қожайындары туралы не белгілі