Райымбек Баталов президенттің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды

Белгілі кәсіпкер Райымбек Баталов президенттің кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, Райымбек Баталов бұған дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы қызметін атқарған. Ол бұл ұйымды 2022 жылғы ақпан айынан 2026 жылғы қаңтар айына дейін басқарды.
Жаңа қызметінде Райымбек Баталов отандық кәсіпкерлікті қолдау, бизнес-климатты жақсарту және жеке сектордың дамуына қатысты мәселелер бойынша кеңес береді.
Айта кетейік, Райымбек Баталов – Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі. Ол 2025 жылы "Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені" рейтингінде 18-орынға, ал 2024 жылы 16-орынға ие болды. Сондай-ақ 2025 жылдың қазан айында жарияланған рейтингте де 18-позицияда көрсетілді. Жасы 55-те. Сонымен қатар ол – FMCG және инвестиция саласында табысты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкер. Ол Raimbek Group холдингінің иесі әрі директорлар кеңесінің төрағасы. Холдинг құрамына Raimbek Agro, Raimbek Bottlers Group және Pure Pack компаниялары кіреді.
Еңбек қызметі өндіріс пен басқарудың түрлі салаларын қамтиды. Әр жылдары "Риддер Инвест" металлургиялық кешенінің басқарушы директоры, "Новоджамбул фосфор зауыты" химия кешенінің басшысы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар Тобыл элеваторын, Меркі қант зауытын және Шымкент ЖЭО-3 кәсіпорнын басқарған.
1992 жылдан бастап "Раимбек" сауда фирмасының негізін қалап, Raimbek Group холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді. 2022 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қаңтарға дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы, сондай-ақ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болды.
Райымбек Баталов кәсіпкерлік пен қоғамдық институттарды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды құрылымдарда қызмет атқарды. Атап айтқанда, 2002 жылы Қазақстан кәсіпкерлері форумының кеңесін басқарды, 2005 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Іскерлік кеңесіне жетекшілік етті. 2007 жылы парламент мәжілісі жанындағы қоғамдық палата мүшесі болды. 2009 жылдан бастап Қазақстанның суасты спорты федерациясының президенті қызметін атқарды.
2010 жылы премьер-министрі төрағалық ететін Бірыңғай үйлестіру кеңесінің және президент жанындағы кәсіпкерлік жөніндегі кеңестің мүшесі болды. 2012 жылы Мәскеу қаласында орналасқан Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі консультативтік комитетінің тәуелсіз сарапшысы ретінде жұмыс атқарды. 2015 жылдан бері Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ Қазақстан велоспорт федерациясының бірінші вице-президенті. 2017 жылдан бастап Азия велоспорт конфедерациясының вице-президенті. 2022 жылы президенті жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшесі, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры директорлар кеңесінің мүшесі және президент жанындағы ұлттық құрылтайдың мүшесі болып тағайындалды.
- Әсет Ерғалиев президенттің кеңесшісі болып тағайындалды
- Ресейлік азамат Қазақстанның ең ірі банктерінің бірінде төраға орынбасары болып тағайындалды
Еске салайық, бұған дейін Тоқаевтың бұрынғы көмекшісі Қанат Шарлапаев енді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасын басқаратынын жазған едік. 23 қаңтарда Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 13-съезінде төралқаның жаңа төрағасы сайланды. Қанат Шарлапаев бұл қызметке Райымбек Баталовтың орнына келді. Ол көпшілік дауыспен сайланды.
Танымал продюсер еңбек өтілін дәлелдей алмағандықтан зейнетке шыға алмай жүр