Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде ауа ластанып, оқушылар қашықтан оқуға көшті

Өскеменде ауа ластанып, оқушылар қашықтан оқуға көштіФото: Видеодан скрин

Өскеменде 30 қаңтар күні мектеп оқушылары қашықтан оқып жатыр. Оқушылардың онлайн оқу форматына ауысуына ауаның ластануы себеп болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, Өскеменде 30 қаңтардан бастап бірінші және екінші ауысымдағы мектеп оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

“Бұл шешімге қолайсыз метеорологиялық жағдайлар себеп болды. Қала тұрғындары ауадағы түтінге шағымданып жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.

“Қазгидрометтің” мәліметінше, 30 қаңтарда қалада ауа сапасының нашарлау деңгейі жоғары. Өйткені метеорологиялық жағдайлар атмосферада зиян заттардың жиналуына әсер етеді. 29 қаңтарда мамандар көміртегі оксиді мөлшерінің белгіленген шектен 2 есе, ал сутегі сульфиді мөлшерінің 1,6 есе артқанын тіркеді.

2025 жылы қазанда Өскемендегі мектеп оқушылары дәл осы себеппен онлайн оқуға ауыстырылған еді. Сол кезде экологтар тұман салдарынан айнала дұрыс көрінбей, атмосферада ластаушы заттардың таралу жағдайы нашарлайды деп түсіндірді. 30 қаңтарға қараған түні тұрғындар қаланы қалың тұманға ұқсас түтін басқан бейнежазбалар жариялады. Оның не тұман, не түтін екені белгісіз.

Айым Болатқызы
Жұма, 30 Қаңтар, 2026 10:53