Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның жаңа Әнұранына 20 жыл, бірақ халық қай нұсқаның жақсы екеніне әлі дауласып жүр

сазгер Шәмші Қалдаяқов, ақын Жұмекен НәжімеденовФото: Видеодан скрин

Осыдан 20 жыл бұрын “Менің Қазақстаным” патриоттық әуені алғаш рет Қазақстанның мемлекеттік әнұраны ретінде шырқалды. Содан бері бұл ән еліміздің бірлігін, тәуелсіздік рухын білдіретін басты символға айналды. Осы орайда Stan.kz мемлекеттік рәміздің шығу тарихы мен оның қалай бекітілгенін анықтап көрді.

1992–2006 жылдар арасындағы Қазақстанның мемлекеттік әнұраны

1992 жылы Кеңес Одағы тарқаған соң тәуелсіз Қазақстанның азаттығы мен зайырлы болмысын айқындайтын жаңа мемлекеттік әнұран қажет болды. Сол себепті 1992 жылы әнұранның мәтіні мен әуеніне арналған республикалық конкурс жарияланды. Оған 750-ге жуық жоба ұсынылған. Нәтижесінде Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева бірлесіп жазған мәтін еліміздің мемлекеттік әнұранының мәтіні ретінде бекітілді. Сол жылы шыққан әнұранның тек мәтіні өзгеріп, әуені бұрынғы қалпын сақтап қалды. 

Қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері әуеннің сақталғанын құптаған. Себебі ол халыққа бұрыннан таныс, санасына сіңген ән еді. Дегенмен уақыт өте келе әнұран мәтінінің күрделі әрі жаттауға қиын екені жиі айтыла бастады. Бұл 2000 жылдары мемлекеттік деңгейде талқыланып, Парламент мінберінде мәселе ретінде көтерілді. Депутаттар мектеп оқушыларының екі жыл ішінде әнұран мәтінін толық меңгере алмағанын мәлімдеді. 

Ал тарихшы Ғабиден Жәкейдің айтуынша, бұл әнұранның музыкалық стилі кеңестік әнұрандардың стиліне ұқсас болғандықтан ауыстырылды. 

“Әнұранның сөзін жазғандар Қазақстанға белгілі адамдар. Оларды жамандауға, болмаса сыртынан тас лақтыруға болмайды. Сөзі өте әдемі. Халықтың тарихына, жүрегіне жақын сөздер бар. Тек музыкалық стилі кеңестік кезеңдегі әнұрандардың музыкалық стиліне өте ұқсас болды”, – дейді тарихшы Ғабиден Жәкей. 

2006 жылы бекітілген мемлекеттік әнұран

Мемлекеттік әнұранды халық арасында таныту үшін 2006 жылы жаңа әнұран қабылдау туралы шешім қабылданды. Оның негізі ретінде көпшілікке кеңінен белгілі “Менің Қазақстаным” патриоттық әні таңдалды. Аталған әнұранды Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған. Негізінде “Менің Қазақстаным” әні бұған дейін халық арасында айтылып, радиоларда жиі беріліп тұрған еді. 

Депутаттар осы әннің ел ішінде кең таралғанын, халық жүрегінен орын алғанын ерекше атап өтті. Алайда әннің бастапқы мәтіні мемлекеттік әнұран талаптарына толық сәйкес келмейтіні де айтылды. 

Осы тұста экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік әнұран мәртебесін беру және салтанатты жағдайда орындауға бейімдеу мақсатында мәтінге түзетулер енгізді. Соның нәтижесінде туындының түпнұсқа мәтіні өңделіп, ресми нұсқасы бекітілді. Ал оған тарихшы Ғабиден Жәкей жауап беріп өтті. Оның сөзінше, экс-президент өзі жазған немесе ойын ақындарға ұсынған болуы да мүмкін. 

“Көкейінде жүрген сөздерді өзі жазбаса да ақындарға осындай сөздерді қосып жазайық деген болуы мүмкін. Өзі жазған болуы да ықтимал. Мүмкін өз ойын айтқан шығар”, – деді тарихшы. 

2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан парламентінің палаталарының бірлескен отырысында “Мемлекеттік рәміздер туралы” заңға өзгеріс енгізіліп, еліміздің қазіргі мемлекеттік әнұраны ресми түрде қабылданды. 

Ал 2017 жылы Ақорданың ресми Facebook аккаунтында Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылы инаугурациясының видеосы жарияланды. Онда “Менің Қазақстаным” алғаш рет елдің мемлекеттік әнұраны ретінде орындалған. 

“Менің Қазақстаным” әнін жазуға тура келді

“Менің Қазақсаным” әнінің шығу тарихын кезінде сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өзі баяндап берген.

“1956 жылдың аяғында “Менің Қазақстаным” әнін жазуға тура келді. Кезінде солтүстіктегі бес облысымызды “Целинный край” деп бөлмекші болған кезде еді қазақ жұрты шулады. Жерімізді орыстар бөліп алайын деп жатыр деген шу шықты. Міне сол кезде “Менің Қазақстаным” деп жазған ұран әнім еді. Ол әннің сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов деген қазақтың талантты ақыны. Екеуміз бірге оқыдық. Өзі домбырашы, консерваторияда оқыған. Оған “кеудеңде қазақ деген қаның бар ғой, “Менің Қазақстаным” деп сөзін жаз, мен әнін жазам деп екеуміз келістік. Кейін ән дайын болғанда Жамал (Омарова) апамызға барып көрсеттік. Жамал апайымыз бірден ұнатып, радиоға барып орындады. Радиодағы жігіттерге күніне осы әнді бір-екі рет қойыңдар деп айттық. Сонымен күніне радиодан бір-екі рет "Менің Қазақстаным" әнін беріп отырды”, – деді Шәмші Қалдаяқов. 

Сазгер ән шыққан соң өзімізше патриоттық іс қозғадық қой деп, қуанып жүрдік дейді. 

“Ескі әнұран шырқалған сәттер”

Қазақстан “Менің Қазақстаным” әнін мемлекеттік рәміз ретінде 2006 жылы бекіткенімен, ел спортшылары қатысқан халықаралық, әлемдік жарыстарда ескі әнұран қойылып жүрді. 

Мәселен, 2015 жылы Хельсинкиде “Барыс”- “Йокерит” командаларының кездесуі кезіндеҚазақстанның ескі әнұраны қойылды. Алайда кейін “Йокерит” хоккей клубының жетекшісі Астаналық “Барыс” командасынан Қазақстанның ескі әнұраны қойылғанына байланысты кешірім сұрады. Оның сөзінше, әнұранды таңдаудағы қателікке адами фактор себеп болған.

Кейін мұндай жағдай тағы қайталанды. Сол жылы Хорватияның Загреб қаласында өткен Golden Spin of Zagreb турнирінде Денис Тенді марапаттау кезінде ұйымдастырушылар еліміздің ескі Әнұранын шырқатқан. Кейін Илья Ильинді марапаттау рәсімінде де ескі әнұран шырқалды.

Осы қателіктерден соң Қазақстан билігі бірден әрекетке көшіп, барлық елшіліктерге арнайы хат жіберді. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Сәкен Мұсайбековтің сөзінше, мұның бәрі негізінен ұйымдастырушылардың жасаған қателігі. Әйтпесе әлемдік рекордты жаңартып, олимпиадада орын алып жатқан елдің әнұраны дұрыс ойнатылмауы, олардың деңгейін көрсетеді деген еді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сазгер Қалдыбек Құрманәлі еліміздің әнұранына автор болған экс президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атын алып тастауды ұсынған еді. Ол әнұран мәтінін Назарбаевтың өзі жазғанына күмәнмен қарайтынын жеткізді. 

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 31 Қаңтар, 2026 10:00