Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрлігі биік үйлерді тексеру ережесін қатаңдатты

Қазақстанда 1 ақпанда, көпқабатты тұрғын үйлерді қабылдау ережелерінің жаңа нормалары күшіне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, объектілерді пайдалануға бермес бұрын олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыны алу міндеттеледі.
2025 жылдың жазында президент қол қойған "Азаматтық қорғау туралы" заңға түзетулер енгізілді. Оған сәйкес, 28 метрден биік көппәтерлі үйлерді пайдалануға бермес бұрын өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін растайтын қорытынды алу міндетті. Тұрғын үй қабатының биіктігін 2,7–3 метр деп есептесек, бұл талап 8–10 қабатты үйлерге қатысты болады.
"Қорытындыны азаматтық қорғау аумақтық органдары (ТЖ басқармалары мен департаменттері) жүргізетін өрт-техникалық тексерістің нәтижесі бойынша береді", – делінген ведомство хабарламасында.
Қорытындыны "eGov" арқылы, мемлекеттік "E-лицензиялау" деректер базасынан алуға болады.