Атырауда жоғалған отбасының ісі: Кісі өлтірді деген күдіктінің балалары мемлекет қамқорлығына алынды

Атырау облысында жоғалып, кейін қаза тапқаны анықталған отбасы ісі бойынша кісі өлтіруге күдіктінің бес кәмелетке толмаған баласы қауіпсіздік мақсатында мемлекет қамқорлығына алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция Жангелдин ауылының тұрғындарын өлтірді деген күдіктіні іздестіріп жатқан уақытта, оның бес кәмелетке толмаған баласы уақытша мемлекеттік мекемелерге орналастырылды. Бұл шара балалардың қауіпсіздігі мен күтімін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
"2026 жылғы 2 ақпанда полиция департаментінен бес кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдау туралы хат келіп түсті. Соған байланысты олар уақытша мемлекет қамқорлығына алынды", – деп хабарлады білім басқармасы.
Аудандық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның шешімімен үш бала уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды. Ал бір және үш жастағы екі бала мамандандырылған сәбилер үйіне жіберілді.
"Балалардың жағдайы толық бақылауда, уәкілетті органдар олардың қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуын қамтамасыз етіледі", – деп сендірді жауапты мекемелер.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен еді. Отбасы 2025 жылдың күзінде жоғалған. Іздеудегі адамдар 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиева, олардың балалары 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев. Отбасының жұмбақ жағдайда жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Артынша отбасының үйінің ауласынан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері көмілген күйде табылды. Олардың балалары әлі де із-түссіз жоғалғандар қатарында. Полиция отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті – отбасының 29 жастағы күйеу баласы, Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев. Полиция күдіктінің қайда екенін білетінін және жақын арада тұтқындайтытын мәлімдеді.
"Қазақстанға келгеніне небәрі 4-ақ жыл": Бұрынғы министр Қанат Шарлапаев туралы не белгілі және ол "Атамекенде" бизнесті қорғай ала ма