Атырауда грек-рим күресінен тұңғыш әлем чемпионының құрметіне су жаңа спорт кешені салынбақ

Грек-рим күресінен тұңғыш әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалидің құрметіне Атырауда жаңа спорт кешені салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұны өңірдегі күрес түрлері федерациясының президенті Арман Тоғаев мәлімдеді.
Арман Тоғаев елге ерлігімен танылған спортшыларды әрдайым қолдау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, аталған спорт кешенінің құрылысы жуырда басталады.
Атырауда бой көтеретін грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали атындағы спорт кешенінің жобасын іске асыруға Атырау облыстық күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Сатаев жауапты болады.
"Қазақтың батырларын әрдайым қолдап, қорғай білейік. Айдос Сұлтанғалиді спорт кешенінің іргетасын қалау рәсіміне арнайы Атырауға шақырамыз. Алла қаласа, нысанның құрылысын толық аяқтауға бар күшімізді саламыз", – деді Арман Тоғаев.
Сондай-ақ бұл бастама Атырау облысының инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, ел спортының дамуына тың серпін беретінін тілге тиек етті.
Айта кетейік, Айдос Сұлтанғали 2025 жылы Хорватияда өткен әлем чемпионатында 60 келі салмақта топ жарды. Осылайша ол тәуелсіз Қазақстан тарихында грек-рим күресінен шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Бұл Айдос Сұлтанғалидің мансабындағы әлем чемпионаттарындағы үшінші жүлдесі. Бұған дейін ол 2018 және 2022 жылдардағы әлем чемпионаттарында қола медаль жеңіп алған.
"Екі дипломым бар, 5 тіл білемін": Қазақстандық ару Англияда саңырауқұлақ терумен айналысып жүр