Спорт министрі Мырзабосынов Перизат Қайраттың қалай үстел теннисі федерациясына келгенін түсіндірді
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тұтқындалған Перизат Кайраттың пара үстел теннисі федерациясының президенті болып тағайындалуы туралы түсінік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: wikipedia.org
Министр тағайындау федерацияның ішкі жұмысы екенін ерекше атап өтті.
"Перизат Кайратқа қатысты – бұл федерацияның ішкі жұмысы, оны сол кезде тағайындаған. Себебі бұл федерацияның жұмысы, қазір ол қызметте жоқ. Қазір федерацияның ішкі жұмыстарын басқару процесі жүріп жатыр. Федерацияларға қойылатын талаптар бар. Біз халықаралық ареналарда және ел ішінде жұмыс істеуге қойылатын талаптар қойып отырмыз", – деді спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Еске салайық, бұған дейін ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінгенін жаздық. Ведомство оның заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғанын алға тартты. Ол Палестинаға жиналған қаражаттан тағы 200 миллион теңге жымқырған. Осылайша Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынды.
Сонымен қатар елімізде пара үстел теннисі федерациясы 14 қарашада ұйымның кезектен тыс отырысында Перизат Қайраттың ұсталып, тергелуіне байланысты федерация президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылданды. Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының президенті қызметіне тағайындалғанға дейін ұйыммен байланысы болмаған. Ол федерацияға қаржылай көмек көрсету және спортты дамыту мақсатында өз кандидатурасын ұсынды. Оның президенттік қызметі бір айдан астам уақытқа созылды, бірақ осы кезеңде бірде-бір маңызды бастама немесе кездесу ұйымдастырылған жоқ деп мәлімдеді федерация өкілдері.