Space X алғаш рет тарихтағы ең қуатты зымыран тасығышты қондыра алды
Илон Масктың SpaceX компаниясы 13 қазанда алғаш рет Super Heavy зымыран тасығышын ұшқан жеріне қайта қондырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі SpaceX-тің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: SpaceX X
Starship кемесі бар super Heavy зымыран тасығышы Техастағы Бока Чикадағы ғарыш айлағынан жергілікті уақыт бойынша 07:25-те ұшырылды. Super Heavy-дің алғашқы қайта пайдалануға болатын сатысы шамамен 74 шақырым биіктікте бөлініп, ұшыру кешеніне оралды. Оны арнайы механикалық құрал ұстап алды.
Бұл жағдайда starship кемесінің өзі орбитаға экипажсыз, сынақ режимінде шығарылды. Ол жерді айналып, кейін орбитадан шығып, Үнді мұхитына түсуі керек.
Super Heavy – әлемдегі ең қуатты зымыран тасығыш. Ол бір рет қолданған кезде 250 метрикалық тоннаға дейін, ал бірнеше рет қолданған кезде 150 метрикалық тоннаға дейін көтере алады.
Бұл – Starship-тің бесінші сынағы. Маусым айында Маск компаниясы Starship зымыранының бірінші сатысын алғаш рет Мексика шығанағындағы суға түсіре алды. Кеменің өзі шамамен 50 шақырым биіктікте басқаруды жоғалтты. Бірақ ол толығымен құлаған жоқ.
SpaceX-те бұл қайта пайдалануға болатын құрылғы болашақта адамзатқа Марсты және басқа планеталарды игеруге мүмкіндік беретін революциялық серпіліс деп аталады. Super Heavy сонымен қатар Starlink спутниктерін орбитаға шығаруды күрт арзандатуы мүмкін. Есептеу бойынша бір уақытта шамамен 200 аппаратты ұшыруға болады.
Илон Маск Марсқа 2026 жылға дейін бес кеме жіберуге уәде берді. Егер бұл ұшқышсыз миссиялар сәтті аяқталса, төрт жылдан кейін экипажбен Марсқа ұшу мүмкін болады.
Mechazilla has caught the Super Heavy booster! pic.twitter.com/6R5YatSVJX
— SpaceX (@SpaceX) October 13, 2024