Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Сөзбен жеткізу мүмкін емес”: Құтқарушылар Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін адамдарды кабинадан қалай шығарғандарын айтты

Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде жедел көмекке барған құтқарушылар оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.


Видеодан скрин

Ақтауда ұшақ апатқа ұшыраған күні хабарламаға жедел жеткен №12 өрт сөндіру бөлімінің командирі аға сержант Серіболат Оңғар  құтқару шаралары қалай өткенін айтып берді.

"Ұшақтың құлауына байланысты шақырту түскеннен бастап оқиға орнына тез арада жетіп, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге кірістік. Біздің ең басты міндетіміз өртті сөндіру болды. Ұшақтағы өртті толықтай сөндірдік. Зардап шеккендерді құтқару жұмыстарын жүргізіп, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне көмектестік. Өзімізге жүктелген міндеттерді толықтай орындадық. Бұл оқиғаны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес", – дейді құтқарушы.



Оқиға орнына алғаш келгендердің бірі Апаттар медицинасы орталығының дәрігері Оспан Оразбеков әріптестерімен бірге ұшақ ішіндегі адамдарды қалай шығарып алғандары туралы айтты.

“Шақырту орнына келгенде ең алғаш көргеніміз – ұшақтың артқы бөлігінде науқастардың жатқандығы болды. Біз бірінші болып қауіпсіздік белдігіне ілініп тұрған, басы төмен, аяғы жоғары қарап тұрған адамды құтқаруға кірістік. Оны жүргізуші Қожабекпен бірге қауіпсіз жерге түсірдік. Барлығы 8 науқасты белдіктерінен босатып, қауіпсіз жерге шығардық. Ең басты мақсатымыз – қысылып қалған, қиналып жатқан адамдарға алғашқы көмек көрсету және уақытты тиімді пайдалану болды,” – дейді дәрігер.

Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушылардың кәсібилігі мен жылдам реакциясы адамдардың өмірлерін сақтап қалуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Бұған дейін әлемдік БАҚ Ресей зымыраны Ақтауда құлаған ұшақты атып түсіргенін хабарлаған еді.

Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. 

Талқылау