Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сөйлешниктерді" шахтаға жұмысқа айдау керек": Желіде қазақтілділерге қатысты пікір айтқан музыкант сынның астында қалды

Magnum-дағы қазақ тіліне қатысты дау аясында оркестр музыканты Руслан Жайықбаев пікір білдіріп, қазақ тілін талап етушілерді “сөйлешник” дегені үшін жұртқа жақпай қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Magnum-дағы қазақ тіліне қатысты дау кезінде халық супермаркетке бойкот жариялаған еді. Алайда музыкант бойкот жариялайтындарды сынап, маңыздырақ іспен айналыссын деді.

“Сөйлешниктерден” арылып, оларды шахтаға, байланысы жоқ елдімекенге жұмысқа жіберу керек. Сол жерде бір-бірімен “сөйлессін”. Талонмен тамақ ішсін. Уақыт кестесі бойынша жуынсын. Комендаттық сағат енгізу керек. Мәселе тез шешіледі”, – деді Руслан Жайықбаев Threads желісінде.

Одан соң “мұсылман болу – кемтарлық” деген пікірі де көпке жақпай қалды. 

“Мына мәңгүрт өз халқына, тіліне қарсы шығып жатыр”, “Айналайын, не жазғаныңды ұқтың ба? Мен қазақша сөйлеймін. Мені концлагерьге айдағың келіп отыр ма?”, “Орыс болайын десе түрі келмейді, Қазақ болайын десе, тілі, білімі, намысы жоқ!”, “ұлтараздық қоздыру деген осындай болады” – деп жазды желідегілер.


"Бұл – сіздің тіліңіз, біздің емес”: Алматыдағы спа-орталық қазақ тіліне қатысты дау аясында өздеріне кибершабуыл жасалғанын мәлімдеді


Кей жерде ол Ne Prosto Orchestra-ның музыканты деген ақпарат тарады. Бірақ ұжым бұл ақпаратты теріске шығарып, мұндай пікірмен келіспейтіндерін мәлімдеді.

“Ұжым әртүрлі орындаушылармен бір реттік жоба негізінде жұмыс істейді. Концерт аясында шақырылған орындаушылар штаттық қызметкерлер емес және бұл олардың ресми жұмыс орны емес. Олардың жеке пікірлері – жеке жауапкершіліктері. 

Біз кез келген дискриминация мен жеккөрушілікке қарсымыз”, – деп мәлімдеді Ne Prosto Orchestra.

Одан кейін Руслан Жайықбаев оның сөзі бұрмаланғанын айтты.

“Менің жазған пікірімді көпшілік бұрмалап, “қазақ тілділерді концлагерьге айдау керек деп айтты” деп жатыр. Бірақ мен мүлдем ондай нәрсе айтпадым. Әркім өзінше тәпсірлеп, мені кәнсілдеуді сұрап, жақындарыма мені жамандап жатыр. Мен қазақпын және Қазақстанда тұрамын, ешқайда кетпеймін. Әрқашан елімді қолдап, елімнің атынан өнер көрсетемін. Бірақ мен әрдайым әділетсіздікке қарсымын”, – деді ол.

Еске салсақ, қазақстандықтар қазақ тіліне қатысты даудан кейін Magnum-ға бойкот жариялаған еді. Алайда бірер күннен соң қоғамды шулатқан курьер мен тұтынушы татуласқандарын айтып, қазақстандықтарға үндеу жолдаған еді.

Талқылау