Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сотталушылардың бірінің туысы министрлікте істейді": Адвокат Мейірман Шекеев өзіне қысым жасалып жатқанын айтып, көмек сұрады

Мейірман Шекеевке қысым жасалып жатырФото: Жоғарғы соттан

Шерзат Полаттың отбасының мүддесін қорғап жүрген адвокат Мейірман Шекеев қысым көріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Адвокат Шекеев Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі қолға алғаннан кейін өзіне қысым жасала бастағанын айтты. Адвокаттың айтуынша, белгісіз бір күштер оның апелляциялық сатыдағы сот процесіне қатысуына кедергі келтіруге тырысып жатыр. 

"Мейірман деген атым бар, қазақ деген затым бар. Атам десеңдер атыңдар!!! Құрметті халқым, маған қысым жасалып жатыр. Қолдауларыңызды сұраймын. Шерзаттың ісін алғалы маған жан-жақтан жасырын қысым жасалып келеді. Бәріне сабырлықпен төзіп келе жатқан маған, енді біреулер басқаша әрекет етпек көрінеді. Мақсаты Шерзаттың апелляциялық сотына жібермеу ма, әлде басқа ма, әзірге нақты білмедім. Десе де, Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Тулебаевтың маған айтпағанымды айттың деп, жеке ұйғарымдағы уәждерді көзіңді бақырайтып қойып, ойдан құрастырғаны жайдан жай емес екені айдан анық. Алдында сотталушылардың бірінің туысы министрлікте істейді дегенде мән бермеп едік. Алайда менің білуімше, жел сол жақтан тұрып жатқан сияқты", – деп жазды заңгер желідегі парақшасында.

Мейірман Шекеевтің айтуынша, әділетті сот жоқ жерде әділетті Қазақстан туралы айту – бос сөз. Ол өзіне жасалып жатқан қысымға қарамастан, артында қолдаушы халқы тұрған кезде ешкімнің оны сындыра алмайтынын мәлімдеді.

"Сот процесінің аудио, бейне жазбасының жазылып жатқанын біле тұра, судья осындай қадамға барса, басқалардан не күтуге болады? Судья менің болжамды пікір айту құқығымды шектеп, кесімді түрде айттың деп өштескені анық көрініп тұр. Одан қалса, митингі туралы құрастырып айтқанына енді сөз жоқ. Адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың ғой, құрметті судья. Ақиқат бәрібір шығады емес пе? Қалай ойлайсыздар бұл жерде мені жазалағаннан гөрі, судьяны жазалағанға негіз көп емес пе?" – деді адвокат Мейірман Шекеев.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотталғандар апелляциялық шағым түсірді


"Қолымен бауыздап кетемін деп көрсетті": Шерзат Полаттың әпкесі Перизат Нұрымова сотталушылардың қоқан-лоқы көрсеткенін жеткізді


Еске салайық, бұған дейін 2025 жылғы 30 сәуірде Шерзат Полаттың отбасына құқықтық көмек көрсетіп жүрген адвокаттар соттан шыққан соң көліктерінің доңғалағынан екі болттың бұралып алынғанын байқаған. Бұл жайт адвокаттардың қауіпсіздігіне төнген қауіп ретінде қабылданды. Адвокат Мейірман Шекеев бұл жағдайға байланысты арыз жазуға уақыт болмағанын, бірақ қажет болса, Талдықорған полициясына шағым түсіруге дайын екенін айтты.

5 маусымда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарды.

Сот қаулысымен басты күдікті Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша айып тағылды.

2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды.

STAN.KZ
Сейсенбі, 08 Шілде, 2025 19:28
Талқылау