Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сотталушы Шынасылдың адвокаты Шерзатты жарақаттаған әкесі болуы мүмкін екенін айтты

Фото: Видеодан скрин

Шерзат Полаттың қазасына қатысты сотта айыпталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұман Әбенов марқұмды пышақпен жарақаттаған оның туған әкесі – Қаржаубай Нұрымов болуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жұман Әбеновтың айтуынша, қорғауындағы адамның кінәсін дәлелдейтін бірде-бір сараптама жоқ.

"Қан іздері болмаған. Оған ұқсайтын пышақтар көп. Нақты сол пышақ екенін дәлелдеу керек еді. Алайда пышақтан қан табылған жоқ. Тек бір адамның ДНҚ-сы шықты. Бірақ бұл пышақ Шерзаттың жарақатына сәйкес келмейді. Шерзаттың киімі сараптамаға алынды. Сараптама сол пышақтың киім арқылы қолданылғанын анықтауы керек еді. Жәбірленушінің қолында бір пышақ болды, ал сараптамаға асханалық пышақ өткізілді. Неліктен олар дәл сол пышақты жасырып қалды?  Мүмкін, абайсызда Шерзаттың әкесі – Қаржаубай Нұрымов – баласын өзі жарақаттап алған шығар? Неліктен бұл нұсқаны қарастырмаймыз? Мүмкін, сондықтан пышақты жасырып қойған шығар? Бұл пышақ бойынша ешқандай сараптама жүргізілген жоқ. Олар оны неге жасырды?" – деді адвокат.

Әбенов соттағы сөзінде әріптестерінің айтқан уәждерін қолдады. Ол өз сөзінде болған қайғылы жағдайға кәмелетке толмаған Шерзаттың "дұрыс тәрбие алмауы себеп болды" деді.

"Ол (Шерзат) бірінші болып ұрды, ал оның әкесі – ересек адам Қаржаубай (Нұрымов) баласын тоқтата алмады. Мұның бәрі – тәрбиеден. Қаржаубай сол төбелестің жалғасуына өзі рұқсат берді. Егер ол рұқсат бермегенде, бұл оқиға мүлде болмас еді", – деді адвокат.

Сондай-ақ адвокат соттан Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа "жалған куәлік беру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрады.

"Бұл адам (Қаржаубай) елді сабырға шақырудың орнына пышақ ала жүгірді. Мұндай жағдайда Шынасылды да түсінуге болады – оның адам өлтіру ниеті болмаған", – деді адвокат.



Ол Шынасыл Абзалға тағылған "Адам өлтіру" бабымен емес, басқа бап бойынша сот үкімін шығару керек екенін айтып, оны ақтауды сұрады.

"Егер кім ең шыншыл десе, Шынасыл – 100% шындықты айтты. Ол достарының сөзіне сенді, “Мен кінәні өз мойныма ала аламын” деп ойлады. Бұл – оның жалғыз қатесі. Енді прокурор оған ең ауыр жаза сұрап отыр", – деді қорғаушы.

Айта кетейік, бұған дейін сот отырысында айыпталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты Шерзат пен оның туыстарын соттауды сұраған еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 02 Маусым, 2025 18:17
Талқылау