Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сот цирк емес": Шерзат Полат ісі бойынша адвокат белгісіз себептермен істен шеттетілгенін мәлімдеді

Фото: instagram.com/zanger_bagdat.amandossuly

Талдықорғанда Шерзат Полат ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында жәбірленушілердің мүддесін қорғайтын адвокаттар тобының ішінде алауыздық пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Шерзаттың отбасының адвокаты Бағдат Амандосұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, түсініксіз себептермен істен шеттетілгенін мәлімдеді.

"Мен он жылдан бері сот процестеріне қатысып келемін және Шерзаттың ісіне қатысу туралы ұсынысты үлкен жауапкершілікпен қабылдадым. Алайда әлдекімдердің бастамасымен мені ешқандай түсініктемесіз шеттетіп тастады. Сот – цирк емес, бұл жерде адамның тағдыры шешіледі. Мен аптасына екі рет сот залында отырдым, куәгерлерге сұрақтар дайындадым, іс материалдарын талдадым. Шындық үшін, адал жұмыс істедім, біреудің имиджі үшін емес. Бірақ, шамасы, атақ іздеп келгендерге мен кедергі болған секілдімін", – деп жазды адвокат.

Амандосұлының айтуынша, команда ішінде түсініксіз, күмән тудыратын талаптар айтылған:

"Сотта мен ғана сұхбат беремін, мен ғана халықтың алдына шығамын, кім қарсы шықса, кетеді. Бұл – менің ісім, ал сендер жай ғана жалдамалыларсыңдар" деген сияқты сөздер айтылды. Мұндай мәлімдемелер маған оғаш көрінді", – деп атап өтті адвокат.


"Марқұм 1,5 литр қан жоғалтқан": Шерзаттың қазасына қатысты сотқа Бишімбаев ісі бойынша танылған сарапшы Халимназаров шақырылды

"Уайымдама, сөйлесіп қойғанмын": Желіде Шерзаттың өліміне қатысты сот аяқталған кезде әлдекімдердің жазылып қалған диалогы тарады (видео)


Заңгер сот процесінің ток-шоу емес екенін еске салды.

"Менің пікірім еленбеді, атқарған жұмысымды өз аттарына жазып алды. Басқа әріптестерім де қойған сұрақтары мен бастамалары үшін шеттетілді. Бұл – кәсібилік емес, эго мен монополия. Мен мұндайға көз жұма қарай алмаймын. Бұл жерге шындық үшін келдім, біреудің жарнамасы үшін емес", – дейді адвокат.

Айта кетейік, бұған дейін істен адвокаттар Жандос Палманов пен Нұрболат Ибраев та шеттетілген еді.

"Адамдар маған сенді, енді олардың менен көңілі қалды. Бірақ мен ешкімнің көлеңкесінде болғым келмейді, себебі бұл іс – қанға боялған хайп құралы болмауы керек", – деді Амандосұлы.

Адвокат өзін істен шеттетуге нақты кімнің ықпал еткенін ашып айтқан жоқ, алайда әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды Мейірман Шекеевтің есімімен байланыстырып отыр.

Еске салсақ, Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот басталар алдында Шерзаттың отбасы Айтбек Амангелді бастаған қорғаушылар тобынан бас тартып, жаңа адвокаттармен жұмыс істейтінін мәлімдеген еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 26 Мамыр, 2025 21:29
Талқылау