Солтүстік Қазақстанда мұғалімдер мектептегі интернет нашар болғандықтан роутерді өз қалтасынан төлеген
Фото: Ru.freepik.com
Солтүстік Қазақстанда М.Горький орта мектебінің мұғалімдері мектептегі интернет нашар болғандықтан роуторді өз қаражаты есебінен төлеп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары цифрландыруға бөлінген бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының салдарынан болған бұзушылықтарды анықтады.
“Айыртау, Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша, Уәлиханов аудандарының және Ғ.Мүсірепов атындағы, Шал ақын аудандарының білім бөлімдерінің лауазымды тұлғалары Бюджет кодексінің талаптарын және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бұзып, мектептерді интернет желісіне қосу үшін 360 миллион теңгеден астам сомаға шарттар жасасқан. Бұл ретте нақты көрсетілген қызметтер техникалық ерекшеліктерде көрсетілген сипаттамаларға сәйкес келмеді. Ақжар ауданында “Педагог мәртебесі туралы” заңның талаптарына қайшы, Горький орта мектебінің мұғалімдері роутерды өз қаражаты есебінен төлеген. Өйткені қосылған интернеттің жылдамдығы төмен болып, параметрлерге сәйкес келмеді”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қызметтер құнын төмендету туралы қосымша келісімдер жасалды. Осылайша, қадағалау органдары бюджеттің 75,8 миллион теңгесін негізсіз жұмсаудың алдын алды.
Облыс прокуратурасы бюджет қаражатын жұмсау кезінде заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Айта кетері, биыл наурызда Ақжар ауданының білім бөлімі “Қазақтелекоммен” мектептерге интернетке қол жеткізу қызметін ұсыну бойынша 25 883 785,71 теңгеге шарт жасаған. Келісімшартта жалпы саны 23 мектепке интернет бойынша қызметтер көрсету керек делінген.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
