Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысында шенеуніктер қызметтік көлікпен орманға демалуға шыққан

қызметтік көлікФото: Видеодан скрин

Солтүстік Қазақстан облысында Жамбыл аудандық бөлім басшысы Дархан Смаилов қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланып, орманда демалу кезінде әдеп кеңесінің назарына ілікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жергілікті қоғам белсендісі көргендерінің бәрін ұялы телефонына түсіріп алған. Белсендінің кадрларына от жағып отырғандар мен айналаға тасталған қоқыс түсіп қалған. Мұндай әрекетке наразы болған азамат, әсіресе, әкімдікке тиесілі мемлекеттік нөмірлі көлікті көрген соң, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, тиісті органдарға хабарласқан. Ол болған оқиғаны мемлекеттік қызмет істері департаментіне жеткізді.

Оқиға 17 шілде күні кешкі сағат сегіздер шамасында болған. Ол кезде жұмыс уақыты аяқталып қойған еді. Кейбірі шатыр ішінде ас ішіп отырса, енді біреулері орман табиғатынан ләззат алып отырған.

Бұл жағдай Жамбыл ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дархан Смаиловқа қатысты болып отыр. Сол күні ол жүргізушісіз болып, жаңа KIA Rio автокөлігін өзі айдаған. Айта кетейік, оның жеке көлігі жоқ.

Шенеунік ол күні алкогольді ішімдік ішпеген. Дегенмен қызметтік автокөлікті жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін жеке мақсатта пайдаланғаны үшін заңға сәйкес жауап беруіне тура келеді.

Мемлекеттік қызметкерлердің ормандағы отырысына байланысты бүгін өткен әдеп жөніндегі кеңес отырысында Дархан Смаиловқа қатаң сөгіс беру ұсынылды. Кеңес мүшелері бейнежазбаны өз көздерімен көрді.

"2025 жылдың 17 шілдесінде сағат 19:32-де Дархан Смаилов пен Жамбыл ауданы әкімдігінің бірнеше қызметкері Пресновка ауылы маңындағы орман алқабында болған. Тексеру барысында қызметкерлердің өзі де бөлім басшысының демалыс орнына қызметтік көлікпен барғанын растады", – деді мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Әсемгүл Бегалина.

Смаилов кінәсін мойындап, қатты өкінгенін жеткізді.

"Әкімдіктерге жаңа көліктер берілді, ал оларды жеке меншік мүлкіндей пайдаланып жүр. Бұл мәселеге қатаң бақылау қажет. Жұмыс уақытынан тыс көліктер гаражда тұруы керек, барлық көлікке GPS қою керек. Әйтпесе, олармен нанға да барады, қайда керек болса, сонда айдайды", – деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, этика кеңесінің төрағасы Ержан Қарымсақов.

Этика кеңесі Смаиловқа қатаң сөгіс жариялауды бірауыздан қолдады.


Риддерде полицей қызметтік көлікпен мотоцикл жүргізушісін қағып кетті


Алматы облысында 17 жастағы қызды жеткізіп тастамақ болған полицей жұмыстан қуылды


Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы әкімдігіне қарасты "Қонаев" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы президенттің бюджет үнемдеу туралы тапсырмасынан кейін де қымбат көліктер сатып алғанын жаздық. Жалпы құны 96 млн теңге болатын Toyota Land Cruiser 300 (61 млн) және KIA K9 (34,9 млн) автокөліктері кейін әкімдікке өтеусіз берілген. Әкімдік олар тек қызметтік мақсатта пайдаланылады деп түсіндіргенімен, қымбат көліктердің нақты кімге тиесілі екені туралы сұрақтар ашық қалды. Бұған дейін де әкімдік TANK маркалы жол талғамайтын көліктер алғаны айтылған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 15:47
Талқылау