Солтүстік Қазақстан облысында оқушы қызды зорлады деп айыпталған белгілі аграрийге қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды
Қыркүйек айында Солтүстік Қазақстан облысына белгілі аграрий, "Хуландой" ЖШС директоры Небиюла Сағындықов кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін 13 жыл, 6 айға бас бостандығынан айырылған еді. Бірінші сатыдағы сот үкімімен келіспеген ол апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz агенттігі хабарлайды.
Фото: Солтүстік Қазақстан облыстық соты
Солтүстік Қазақстан облыстық сотында өңірге белгілі аграрий Небиюла Сағындықовқа қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым қаралды. 25 қыркүйекте өңірдегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бірнеше рет оқушы қызбен жыныстық қатынасқа түскен Небиюла Сағындықовты 13 жыл, 6 айға бас бостандығынан айырған еді. Үкіммен келіспеген сотталушы мен оның адвокаттары апелляциялық шағым түсірді.
Сот материалдарында оқиғаның 2021 жылдың наурызында басталғаны айтылады. Кейін 2022 жылдың жазында Сағындықов оқушы қызбен Петропавлдағы жалдамалы пәтерлерде бірнеше рет кездесіп, жыныстық қатынасқа түскен.
Апелляциялық шағымда сотталушының қорғаушылары жасөсіпірімнің сөзіне сенуге болмайтынын айтқан. Өйткені оқушы қыз екеуі кездескен жалдамалы пәтерлердің бірін де көрсете алмаған. Сондай-ақ оның анасы Сағындықовқа қарыз болған көрінеді. Сондықтан ол жала жауып отыр.
"Сағындықов жасөспірімнің жасын білмеген. Ал олардың телефон арқылы сөйлесіп, хат-хабар алмасуы екеуінің арасында жыныстық қатынас болғанын дәлелдемейді. Сағындықов онымен өзге ауыл тұрғындарымен сияқты телефонмен сөйлесіп, материалдық көмек көрсеткен. Сондықтан оның жасын, денсаулық жағдайын, сіңірген еңбегін, адамдарға деген жақсы қарым-қатынасын ескеріп, оған қатысты шығарылған үкімнің күшін жоюды және ақтауды сұраған", – делінген апелляциялық шағымда.
66 жастағы Небиюлла Сағындықов (қылмыс жасаған уақыттағы жасы) пен 13 жасар (қылмыс жасалған уақыттағы жасы) оқушы қыздың арасындағы үлкен жас айырмашылығын және туыстық қатынастардың жоқтығына назар аударған сот алқасы олардың іс материалдарында көрсетілгеннен басқа себептермен байланысы болмағанын айтты.
"Бұл екеуінің арасындағы қарым-қатынас жақын сипатқа ие болғанын көрсетеді. Өйткені Сағындықов оқушы қызға өзінің суреттерін жіберуді сұрайды. Ал өз кезегінде жасөспірім оны сағынғанын жазған. Олар бірнеше рет хат-хабар алмасып, Петропавлда кездесулер ұйымдастырған. Сондай-ақ Сағындықов кәмелетке толмаған қызға бірнеше рет хабарламаларын неге өшіріп тастамағанын жазған. Осылайша, ол өзінің оқушы қызбен байланысы барын жасырмақ болды", – делінген сот материалдарында.
Сот алқасы жәбірленушінің Небиюла Сағындықовпен кездескен бірде-бір жалдамалы пәтерді көрсете алмағанына қатысты да пікір білдірді. Кәмелетке толмаған қызды тиісті мекенжайларға Сағындықов ылғи өз көлігімен жеткізген. Сондықтан ол баспаналарды есте сақтамауы да мүмкін. Белгілі аграрий оның 16 жасқа толмағанын және оқушы қыз Сағындықовтармен бір ауылда көрші тұрғанын білген. Оның үстіне жасөспірімнің анасы жылда қызына Жаңа жылдық сыйлық алу үшін өзінің жұмыс берушісі, яғни Сағындықовқа оның жасы туралы мәліметті беріп отырған.
Сондықтан істі қараған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ деп есептейді.
"Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі сотталған Небиюла Сағандықовқа қатысты үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Қорғаушылардың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады", – деді облыстық соттың судьясы Нұрлан Нұралин.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығымен айналысатын танымал кәсіпкер Небиюла Сағындықов 13,5 жылға бас бостандығынан айырылғанын жаздық. Ол кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін айыпталды. 68 жастағы аграрлық кәсіпкер мұны жоққа шығарды. Алайда сот дәлелдерге назар аударған.