Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Solidcore Resources компаниясы Ертіске сібір бекіресін жіберу жұмыстарын жүргізді

Фото: Solidcore Resources

Solidcore Resources компаниясының екі бірдей кәсіпорны – Бақыршық кен өндіру кәсіпорны (БКӨК) мен "Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты" ЖШС (ЕГМК) Ертіс өзеніне ежелден бері осында мекендеген, сібір бекіресін қайтадан жіберу бойынша кезекті экологиялық науқан өткізді. Су айдынына жіберілген балықтың жалпы саны шамамен 6 мыңды құрады.

Бұл бір реттік науқан емес, сиреп бара жатқан балық түрлерін қалпына келтіруге бағытталған ұзақмерзімді экологиялық стратегияның бірі. 2024 жылы Solidcore Resources компаниясы Ертістің фаунасын біршама толықтырған болатын.

Компания балықтарды серіктесі "OstFish" ЖШС-нің бекіре баптайтын фермасында өсіріп шығарған. Ұйым директоры Ерлан Сағидолдиннің айтуынша, босатылған балықтардың алғашқы уылдырық шашуына дейін әлі ұзақ жол күтіп тұр. Дегенмен, бекіренің өміршеңдігі мен сапасы бұл үдерістің сәтті өтетініне сенім береді.

Фото: Solidcore Resources

“Бұл сібір бекірелерін өзіміз өсірдік. Бүгін табиғи мекеніне жіберіліп жатқан балықтардың барлығы – екі жаста. БКӨК-пен бірлесіп, Ертіске 3 мың жас бекіре жібердік. Олар мұнда өсіп, көбею жасына жетіп, ұрпақ беруі тиіс. Бұл шамамен бекіре 8-10 жылда орын алады. Бақыршық кен өндіру кәсіпорнымен бірлесіп балық шашу жұмыстарын алғаш рет өткізіп отырған жоқпыз. Өткен жылы осыған ұқсас науқандар өткізгенбіз. Алдағы үлкен мақсатымыз – Ертіс өзенінде сібір бекіресінің популяциясын қалпына келтіру”, – деді Ерлан Сағидолдин.

Сәтті өткен тағы бір балық шашу науқанына "Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты" ЖШС (ЕГМК) бастамашылық етті. Компания бұл бастаманы 2024 жылы қолға алған болатын. Сол жылы аймақта алғаш рет Ертіске жасы бір мен үш жас аралығындағы 2,5 мыңнан астам сібір бекіресі жіберілді. Бұл тек ауқымдылығы жағынан ғана емес, су айдыны үшін де биологиялық тұрғыдан маңызды, ерекше болды.

Компания Павлодар облысының су ортасын зерттейтін ихтиолог ғалым Александр Убаськинмен бірге Ертіс өзенін балықпен толықтыру мәселесін зерттеді. Зерттеу көрсеткендей, соңғы онжылдықта Ертістің табиғи тұрғыдағы сібір бекіресінің саны айтарлықтай азайған. Ал Бұқтырма су қоймасындағы бекіре түрі жойылып кетуге жақындаған. Облыстың мамандарының айтуынша, оның санын қалпына келтірудің жалғыз жолы жасанды түрде көбейту.

Фото: Solidcore Resources

"Биыл өзенге салмағы бір келіден бір жарым келіге дейін жететін үш мың сібір бекіресінің жас түрлері жіберілді. Бекіре неғұрлым ересек болса, соғұрлым оның тіршілік ету мүмкіндігі жоғары. Себебі олардың су астында жаулары болмайды. Ал бекіре шабақтарын шортан, алабұға немесе сазан жеп қоюы мүмкін. Бекірелер осы суда қалыптасып кетеді деп үміттенеміз. Әрине, өзен ағысымен жоғары немесе төмен жүзіп кетуі мүмкін. Дегенмен Ертістің қоректік базасы жақсы. Бұл балық ежелден осы өзенде өмір сүрген. Сол себепті Ертіс өзенінің биоалуандылығын сақтауға өз үлесімізді қосқымыз келеді", – деді "Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты" ЖШС бас директоры Арман Бейсембинов.

Айта кету керек, Solidcore Resources компаниясы өзі жұмыс істейтін аймақтардағы табиғаттың биоалуандылығын сақтауға ерекше мән береді. Мұндай балық шашу науқандарын өткізу компания үшін дәстүрге айналған.

Фото: Solidcore Resources

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Маусым, 2025 10:16
Талқылау