"Соғыстың жаңа кезеңі басталды": Израиль Ливандағы жүздеген нысанға шабуыл жасап, 490-нан астам адам қаза тапты (видео)
23 қыркүйекте Израиль "Хезболла" ұйымының Ливандағы жүздеген нысанына әуе шабуылдарын жасап, салдарынан 492 адам қаза тапты. Олардың арасында 35 бала, 58 әйел және 2 медицина қызметкері бар. Сондай-ақ 1645 адам жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: AFP
Ливан шенеунігінің сөзінше, бұл 1975-1990 жылдардағы азаматтық соғыс аяқталғаннан бергі ең жоғары өлім.
Израиль әскерилері Ливанның оңтүстігінде, Бекаа алқабының шығысында және Сирияға жақын солтүстік аймақта қақтығыс басталғаннан бері Хезболлаға қарсы ең үлкен соққысын бастады.
Израиль әскері соңғы 24 сағат ішінде Ливандағы Хезболла ұйымының 1300 нысанына соққы бергенін мәлімдеді. Сондай-ақ олар "ауылдың қақ ортасында, бейбіт тұрғындардың үйіне орналастырылған" қанатты зымырандар мен шабуылдаушы ұшқышсыз ұшақтарды нысанаға алғанын хабарлады. Израиль әскерінің мәліметінше, "Хезболла" ол қарулардың "ливан халқына қауіп төндіре отырып, Израильге қарай жіберуді жоспарлаған".
Израиль қорғаныс күштері Бас штабының басшысы Герци Халеви Ливандағы операцияның келесі кезеңіне дайындалып жатқанын айтты.
"Біз "Хезболла" соңғы 20 жылда салып жатқан жауынгерлік инфрақұрылымға соққы беріп жатырмыз. Бұл өте маңызды. Маңызды нысаналарға соққы беріп, келесі кезеңге дайындалып жатырмыз", – деді ол.
Израиль әскері 23 қыркүйекте Бейрутке нысаналы соққы жасағанын хабарлады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Израиль қорғаныс күштері “Хезболла” ұйымының қолбасшысы Али Каракиды нысанаға алған. Алайда Хезболла Каракидің "тірі екенін және қауіпсіз жерге көшкенін" айтты.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ливан тұрғындарын "қауіпті аймақтардан" кетуге шақырды. Оның айтуынша, тұрғындар Израиль операциясы аяқталған соң өз үйіне орала алады.
Ливанның денсаулық сақтау министрі Фирасс Абиадтың сөзінше, бұл шабуылдың негізгі мақсаты бейбіт тұрғындарды шабуылға ұшыраған аймақтардан көшіру.
"Израиль үкіметінің басты ниеті жағдайды ушықтырып, арандату екені анық. Біз соғыстың жаңа кезеңінде тұрмыз. Бастапқыда мақсатты шабуылдар болды, алайда қазір белгісіз іске жалғасты", – деді ол.
Оның айтуынша, халықтың басым көпшілігі соғысты қаламайды.
Франция 23 қыркүйекте Ливандағы жағдайды талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізуді талап етті. Бұл туралы Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро дүйсенбі күні БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында мәлімдеді. Ол барлық тараптарды "барлығы үшін жойқын болатын аймақтық індеттен аулақ болуға" шақырды.
BBC тілшісі Нафис Коннавардтың айтуынша, дүйсенбі күні таңертең Ливанның оңтүстігіндегі тұрғындар Хезболла қару сақтау үшін пайдаланып жатқан тұрғын үйлерден аулақ болуға шақыратын мәтіндік және дауыстық хабарламалар алған.
Фото: AFP
"Егер сіз Хезболла пайдаланатын ауылдан болсаңыз, өз қауіпсіздігіңіз үшін дереу кетіңіз", – делінген дауыстық хабарламада.
Ливанның ақпарат министрі Зиад Макаридің сөзінше, оның кеңсесіне де осындай ескертуі бар қоңырау түскен. Ол мұны Израиль жүргізіп жатқан психологиялық соғыстың бір бөлігі деп атады.
"Израиль тарапы Бейрут пен бірқатар аудандардың тұрғындарының стационарлық телефонына ескертулер жіберіп, тезірек кетуі бұйырып жатыр", – делінген Ливан ұлттық ақпарат агенттігінің мәлімдемесінде.
Ogero мемлекеттік телекоммуникация компаниясының басшысы Имад Крейдие "Ливанның стационарлық жүйесі Израильден келетін барлық байланыстарды блоктағанымен", Израиль тарапының "достық елдің халықаралық телефон кодын пайдалану арқылы байланыс жүйелерін айналып өтіп жатқанын" айтты. Ogero дерегінше, Израиль қызметтері 80 мыңнан астам ескерту қоңырауын жасаған.
Бейруттағы BBC тілшісі Орла Гериннің хабарлауынша, эвакуация туралы ескерту хабарламаларынан cоң елорда көшелерінде кептеліс пайда болған. Гериннің айтуынша, Бейрут тұрғындарына қаланың бірнеше аймағынан, соның ішінде Хамреден кету туралы ескерту жасалған.
Ливан үкіметі елдің әртүрлі аймақтарындағы мектептер оңтүстіктен эвакуацияланған бейбіт тұрғындар үшін ашық болатынын хабарлады.
“Мемлекеттік мектептерде оқу жылы әлі басталған жоқ. Еліміздің көптеген өңірлеріндегі жекеменшік мектептер ертеңнен бастап сабақты тоқтатады”, – делінген Ливан үкіметінің хабарламасында.
Бұл ескертулер Газадағы соғыс басталғалы бері Израиль әскерилерінің Ливан тұрғындарына берген алғашқы ресми сигналы болды.
Хезболлаға қарсы әуе шабуылдарының жаңа сериясы қақтығыс басталғаннан бері бір жылға жуық уақыт ішінде болған ең ірі әуе шабуылы саналады. Израиль Ливанның оңтүстігіне, Бекаа аңғарының шығысына және Сирияға жақын солтүстік аймаққа шабуыл жасайды. Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі елдің оңтүстігіндегі барлық ауруханалардан шұғыл емес операцияларды тоқтатуды талап етті. Дәрігерлерге жедел жәрдем бөліміне жеткізілуі мүмкін жаралыларды қабылдауға дайындалу тапсырылды.
Фото: AFP
Айта кетейік, бұған дейін Израиль қорғаныс күштері әскерилер "Ливанның оңтүстігіндегі "Хезболла" лаңкестік ұйымына тиесілі лаңкестік нысандарға соққы беріп жатқанын" мәлімдеген. Израиль мен "Хезболла" демалыс күндері де бір-біріне әуе шабуылдарын жасады. Жексенбі күні түнде "Хезболла" Ливаннан ондаған зымыранмен Израильдің солтүстігіне шабуыл жасады. Израиль армиясы атылған 105 зымыранның көпшілігінің ұсталғанын, бірақ кейбір үйлердің зақымдалғанын хабарлады.
"Хезболла" бұл соққыны пейджерлер мен рациялар жарылғаннан кейінгі кек алу әрекеті екенін түсіндірді. Хезболланың 16 жоғары лауазымды қолбасшысы Бейрутте жұма күні болған әуе шабуылынан қаза тапты. Ливан билігі сол күні ел астанасынжа 45 адамның қаза тапқанын хабарлады. Израильдің ондаған әскери ұшақтары сенбі күні Ливанның оңтүстігіне соққы берді. Израиль армиясының баспасөз хатшысы Даниел Хагари Хезболланың Израильге шабуыл жасауға дайындалғанын көргенін айтты.
Өткен аптада Ливанда мыңдаған пейджерлер мен рациялар жарылып, кем дегенде 37 адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды. Хезболла шабуылға Израильді айыптады. Израиль президенті Ицхак Герцог 22 қыркүйекте Sky News телеарнасына берген сұхбатында Израильдің барлау қызметтерінің Ливандағы "Хезболла" шииттік тобы мүшелерінің пейджерлері мен рацияларының жарылыстарына қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл ауқымды операцияның қалай жүзеге асырылғаны белгісіз күйде қалып отыр.