Соғыс тоқтағаннан кейін Газаға екі сағатта 200 мың палестиналық оралған
Дүйсенбіде он мыңдаған палестиналық тұрғын соғыстан кейін Газа секторының солтүстігіне орала бастады. Газаның орталық және оңтүстігіндегі 650 мыңға жуық палестиналық солтүстіктегі үйлеріне оралады деген болжам бар. Бақылау бекеті ашылған алғашқы екі сағаттың өзінде 200 мың адам оралып үлгерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Getty images
Израиль бақылау-өткізу бекеттерін ХАМАС ұйымы бейсенбі кепілге алынған израильдік Арбел Йехуд пен тағы екі адамды, сенбі тағы үш адамды қайтарғаннан кейін ашты.
Израиль әскерінің баспасөз хатшысы Авихай Адрай палестиналықтардың Газаның солтүстігіне қайтарылуы үшін уақыт лимитін белгіледі.
Тұрғындарға сағат 07:00-ден бастап Нецарим жолы мен Рашид көшесі арқылы Газа секторының солтүстігіне жаяу оралуға рұқсат етіледі.
Сағат 09:00-ден бастап көліктер тиісті тексерістен кейін жүре алады.
"Бұл жол арқылы Газа секторының солтүстігіне жауынгерлерді немесе қару-жарақтарды тасымалдау келісімді бұзуға жатады", – деді Адрай.
Израиль билігі сенбі босатылуға тиіс кепілге алынған Арбел Йехудты босатқанша, палестиналықтардың Газа секторының солтүстігіне оралуына рұқсат бермеді.
Дүйсенбі таңертең жаяу адамдар жағалау жолымен солтүстікке қарай бет алды. ХАМАС палестиналықтардың қайтуын “жеңіс” деп атады, яғни “қарсы тараптың басқыншылық пен қоныс аудару жоспары іске аспады” деп мәлімдеді.
Солтүстікке апаратын үлкен жолдың бойында мыңдаған отбасы жүктерімен жаяу жылжи бастаған. Бірақ Израильдің қарқынды бомбалауынан кейін Газаның солтүстігінің көп бөлігі қирағандықтан, көбі баспанасыз қалды.
"Біз оралуды жоспарлап едік, бірақ әлі де Джабалияда тұратын туыстарым маған телефон соғып, қайтып бармауға кеңес берді. Ағам телефон соғып, келме деді. Үйлер жермен-жексен болғанын, адамдар көшеде ұйықтауға мәжбүр екенін және оларға ешкім көмектеспейтінін айтты", – деді 55 жастағы Халед Раба.
Бітім Газаға азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек және басқа да көмектердің кіруіне рұқсат бергенімен, БҰҰ гуманитарлық көмек жеткілікті емес екенін мәлімдеді.
Газаға көлікпен жету қиын, себебі тексеріс ұзаққа созылады. Палестиналық қауіпсіздік қызметкерінің айтуынша, көліктердің Газаның оңтүстігінен солтүстікке өтуіне рұқсат беру процесі өте баяу жүріп жатыр.
Тексеру аймағынан шамамен 300 метр қашықтықта орналасқан ХАМАС басқаратын Палестина полициясының бақылау-өткізу пунктіне бару керек, онда екі сканермен жабдықталған арнайы аймаққа бір уақытта 20 көліктің өтуіне рұқсат беріледі.
Әр 40 минут сайын 20 көлік тексеріліп, жол жүруге рұқсат беріледі. Қызыл Крест топтары, сондай-ақ америкалық және мысырлық қызметкерлер де бар. Израиль әскерилері процесті бақылап отыр. Ал кіру үшін мыңдаған көлік кезекте тұрды.
Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөз үш кезеңде жүргізілуі керек. Бірінші кезең алты аптаға есептелген. Осы уақыт ішінде 1900 палестиналық тұтқын мен 33 кепілге алынған босатылуы керек. Израиль әскерлері Газа секторының шекарасына шегінуі керек.
2023 жылы 7 қазанда Хамас шабуылы кезінде кепілге алынған 251 адамның 87-сі Газада қалды. Оның ішінде әскери деректер бойынша 34 адам қаза тапқан.
Израиль үкіметінің өкілі ХАМАС тізіміндегі кепілге алынған 33 адамның 25-і тірі екенін растады. Израильдік мәліметтерге сәйкес, ХАМАС келісім бойынша босатуға тиіс сегіз адам қайтыс болды.
Израиль деректеріне сәйкес, ХАМАС шабуылынан 1210 адам қаза тапты, олардың көбі – бейбіт тұрғындар.
Біріккен Ұлттар Ұйымы сенімді деп санайтын аймақтың ХАМАС басқаратын денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Израильдің Газадағы шабуылы кем дегенде 47 306 адамның өмірін қиды.